Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі27 қаңтар 2022

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ STARTUP ЖОБАЛАРЫ: ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ДӘРІХАНА ЖӘНЕ БӨДЕНЕ ӨСІРЕТІН ШАҒЫН ФЕРМА

27 қаңтар күні Шәкәрім университеті Ветеринария және агроменеджмент факультеті және «Агротехнопарк» ғылыми орталығының бастамасымен «Ветеринариялық дәріхана» және «Бөдене өсіретін шағын ферма» startup жобаларының ашылу салтанаты өтті.
Шараға университет Ректоры және басқарма басшылары, облыстық және қалалық ветеринариялық қызмет басқармасының өкілдері және шаруа қожалықтарының иелері қатысты.
«Бөдене өсіруге арналған шағын ферма» Startup жобасының жетекшісі, ветеринария кафедрасының аға оқытушысы Дәулетбек Муратбаев бөдене өсіру ісінің маңызы туралы айтып, үй құстарын өсіру технологиясымен бөлісті. "Жұбайыммен көптен бері құстар өсіреміз. Жоба – біздің ортақ идеямыз. Басты мақсатымыз - халыққа сапалы және пайдалы өнім ұсыну. Бөдене құсының ерекшелігі - өте тез өседі, үлкен бөлмені қажет етпейді. Сонымен қатар, құс әртүрлі ауруларға шыдамды. Ең бастысы – бөдене жұмыртқасы адам денсаулығына өте пайдалы", - деді Дәулетбек Мұратбаев.
Жас маманның пікірінше, бөдене өсіру ісі – тиімді әрі сұранысқа ие кәсіп түрі. Қазіргі уақытта 50 бас бөдене құсы бар болса, жоба аясында бөденелер санын 400-ге дейін арттыру ісі жоспарлануда.
Университет қабырғасында ашылған Ветеринарлық дәріхана мал және үй құстарының түрлі ауруларының алдын алып, емдеуге қажетті дәрілерді, дәрумендік қоспалар мен жем, күтімге қажетті жақпамайларды сатылымға ұсынып отырған, сапалы қызмет көрсететін, заман талабына сай бірден-бір орынға айналмақ.