Ұлан ауданындағы Ақбауыр және Катонқарағай өңіріндегі Аққайнар археологиялық ескерткіштерінде Shakarim University студенттері жүргізген далалық зерттеу жұмыстары өз мәресіне жетті. Зерттеуге университет тарапынан профессор, белгілі археолог Амантай Исин, Астана, Алматы, Семей мен Өскемен қалаларының ғылыми қызметкерлері, «Тарих» және «География және тарих» білім беру бағдарламаларының 60 студенті қатысты. Ескерткіштерді зерттеу жоба жетекшісі, профессор Зайнолла Самашевтың жетекшілігімен Өскемен қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің жетекші ұйым ретінде қатысуымен жүргізілуде. Бұл жоба 2021 жылдан бастап жүзеге асырылып, 2027 жылға дейін жобаланған үлкен ұзақ мерзімді жоспардың бір бөлігі.
Жоба өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге бағытталған және оның нәтижелері Қазақстанның ежелгі тарихын түсіну үшін зор маңызға ие. Археологиялық орындардағы далалық зерттеулер құнды ғылыми деректерді жинақтауға, болашақ мамандарға археология мен географияда практикалық тәжірибе алуға бірегей мүмкіндік береді.
Дала жұмысына қатысқан студенттер жұмыс барысында археологиялық ескерткіштердің әртүрлі аспектілерін зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізді, табылған заттарды жазып алып, алынған мәліметтерге талдау жасады. Бұл жоба университет, мұражай және басқа да ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастыққа, пәнаралық байланысты нығайтуға, бірлескен ғылыми зерттеу жүргізуге ықпал етері сөзсіз.