Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі25 сәуір 2024студенты, ярмарка вакансий, выпускники

SHAKARIM UNIVERSITY ДӘСТҮРЛІ БОС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ

Бүгін Shakarim University инженерлік, аграрлық және экономикалық бағыттарды қамтитын кезекті «Бос орындар жәрмеңкесі – 2024» өткізді. Айтулы оқиға жыл сайын жас мамандарды табуға мүдделі жетекші компаниялар мен ұйымдардың, мекемелердің диалогтық алаңын ұйымдастырады. Жәрмеңкеге 60-қа жуық жұмыс беруші, 550 білім алушы қатысты.
Бірінші бөлімде Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Индира Оралканова аграрлық, инженерлік және экономикалық салалардағы мамандардың сұранысқа ие екендігін айтып, шараның маңыздылығына тоқталды.
-Біздің басты міндетіміз нарық сұранысына сай білікті мамандарды даярлау. Қарқынды дамып келе жатқан әлемде инженерлік, аграрлық және экономика салаларындағы білікті мамандарға сұраныс үнемі артып келеді. Осы талаптарды ескере отырып, білім ордасы жедетілген және дуалды оқыту жүйесін енгізген болатын. Яғни, болашақ маман еңбек жолын ертерек бастайды. Мұндай бағдарламалар өңірлік ЖОО аз. Сондықтан бүгін біз ортақ мәселелерді, бірлескен білім беру бағдарламалары, ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға, интеграцияланған оқу жоспарларын бірлесіп әзірлеуге мүдделіміз,- деді проректор.
Жәрмеңке студенттер үшін әлеуетті жұмыс берушілермен кездесуге, еңбек нарығының нақты талаптарын білудің бірегей мүмкіндігі. Іс-шара студенттерге оқу барысында алған теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін академиялық әлем мен кәсіби орта арасындағы көпір қызметін атқарды. Жиында Абай облысы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының кәсіпорындары, шаруа қожалықтары, ЖШС компаниялары мен барлық қала банктері мекемелерінің өкілдері «ЖОО-білікті маман-Кәсіпорын» негізінде еркін диалог алаңын құруға мүмкіндік алды. Ветеринария, ауыл шаруашылығы, IT, инженерия және технология, экономика бағыттарының жетекші мамандары кадр мәселесі төңірегіндегі мәселелерді ортаға салды.
Іс-шараның екінші бөлімінде жұмыс берушілердің түлектердің түйіндемесімен танысуына және face-to-face кездесуіне мүмкіндік берілді.
Shakarim University бос орындар жәрмеңкесі оқу орнының өңір мен елдің экономикалық және әлеуметтік дамуында негізгі қозғаушы күш екендігін тағы да бір мәрте дәлелдеді. Бұл оқиға студенттердің өмірінде елеулі із қалдырады және олардың табысты кәсіби интеграциясына ықпал етеді.
«Бос орындар жәрмеңкесі – 2024» 26 сәуір күні педагогикалық бағытында жалғасын табады.