Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі18 наурыз 2024студенттер, наурыз, ұлттық дәстүр

SHAKARIM UNIVERSITY ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮР КҮНІН АТАП ӨТТІ

Мәдениет және салт-дәстүр күні - мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүр насихатына арналған. Осы ретте, Shakarim University Гуманитарлық-экономика факультеті «Наурызнама» онкүндігі аясында аталған мейрамды атап өтті.
Басты мақсат – халқымыздың дүниетанымы, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен жөн-жоралғы, наным-сенімін, халықтың рухани өзегі, тілінің тірегі, төл мәдениетіміздің алтын арқауы, ұлттық ұстанымын насихаттау.
Қазақ халқы салт пен дәстүрге бай, текті халық. Әр салтында қаншама философиялық ой, мән-мағына, тәрбие жатыр. Факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары кезекпен салт-дәстүр үлгілерін көрермен қауымға ұсынды.
Мерекелік шарада Тұсау кесер, тоқымқағар, «Ұйқы ашар», «Селт еткізер», Қыз ұзату, бесікке бөлеу, баланы қырқынан шығару салттары мен қазақ мәдениетінің алтын діңгегіне айналған «Айтыс» өнерінің үлгісі көрсетілді. Кеш барысында факультет студенттерінен құралған домбыра ансамблі өнер көрсетіп, би мен ән шырқады.
Қатысушылар әдет-ғұрып салтымызды бүгінгі заманауи бағытта тұпнұсқаға сай мән-мазмұны, шығу тарихы, дамыту жолдарын саралап, қайта жаңғырған бай қазынамызға айналдыра алды. Ал қазақтың құндылығы оның салт-дәстүрінде.