Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі15 желтоқсан 2023мерейтой, спортшылар, республикалық турнир

SHAKARIM UNIVERSITY ЖОО АРАСЫНДА ДЗЮДОДАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТКІЗДІ

Бүгін Шәкәрім университеті ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойына орай дәстүрлі дзюдодан жоғары оқу орындарының студенттері арасында республикалық турнир ұйымдастырды. Байрақты бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 12 команда қатысып, өзара күш сынасты. Атап айтқанда, Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Х.Досмухамбетов атындағы Атырау университеті, Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Almaty management University (АlmaU), Қарағанды медицина университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Семей медициналық университеті, Alikhan Bokeikhan University, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Шымкент университеті және Shakarim University командалары.
Дүбірлі доданың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы Думан Орынбеков жарыс қатысушыларына сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.
- Әлемдік спорт жетістіктері – ел қуатының үздік көрсеткіші. Бүгінгі таңда Абай өңірі дзюдо спорт түрінен жемісті нәтижелер көрсетуде. Шеберлердің барлығы – университеттен шыққан кешегі түлектер мен оқытушылар. Шәкәрім университетінің түлектері арасында қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы, қысқы және жазғы олимпиада ойындарының жеңімпаздары, әлем, Азия ойындарының алтын белгі иегерлері, Қазақстан және Әлем барысы турнирлерінің жеңімпаздары бар. Жеңімпаздарымыз – университеттің ғана емес, облыстың, еліміздің мақтанышы,- деді ректор.
Республикалық турнир өте тартысты өтті. Боз кілемге шыққан балуандар бір-бірінен айласын асырып, өздерінің жеңіске лайықты екендіктерін дәлелдеді. Палуандардың спортқа деген ынтасын және шеберлігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған байрақты бәсеке қорытындысында топтық жарыста жүлделі 1 орынды Shakarim University командасы иеленді. 2 орынға Alikhan Bokeikhan University тұрақтаса, Қарағанды медицина университеті мен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті 3 орынға жайғасты.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шын жүректен құттықтаймыз! Жеңісті күндер көп болсын!