Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі19 ақпан 2024колледж, квн, жастар

ШӘКӘРІМ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІ ӨТКІЗГЕН – ЖАЙДАРМАН ОЙЫНДАРЫ

Бүгін Shakarim University жанындағы Шәкәрім жоғары колледжі техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелерінде оқитын студенттер арасында Жайдарман көңілді тапқырлар ойынын өткізді. Шара білім ордасының 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Күлкілі сюжеттер, өткір әзілдер немесе күтпеген импровизациялар болсын, әрбір қойылым күлкі мен қошеметке бөленді. Сахна төрінде әзіл мен тапқырлық саласында өздерінің артықшылығын дәлелдеуге дайын 7 команда жиналды. Атап айтқанда, «Стартер» (Көлік колледжі), «Экспресс ЭТК» (Электротехникалық колледж), «Базарские педагогтар» (М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі), «ARISTAKRAT» (Шәкәрім жоғары колледжі), «Қайнар» құрамасы (Қайнар колледжі), «Темір бетон» (Құрылыс колледжі) және «Заманауи құрамасы» (Аягөз колледжі) командалары.
-Жастардың ойыны керемет өтті. Командалардың қызу дайындықпен келгені көрініп тұр. Әсіресе, Аягөз қаласынан келген «Аягөз» құрама командасына алғысымызды білдіреміз!- дейді ұйымдастырушылар.
КВН қатысушылары тек комедия саласында ғана емес, сонымен қатар техникалық білімдеріне байланысты күлкілі ұқсастықтар мен жарқын бейнелерді таба білуде дарындылықтарын көрсетті. Ұстаздардың әзіл-оспақ пародияларынан бастап, студенттік өмірдегі күлкілі жағдайларға дейін әр қойылым көрермендерге қуаныш пен күлкі сыйлады.
Қызықты да тартысты өткен сайыс нәтижесі төмендегідей:
• 1 орын - «ARISTAKRAT»;
• 2 орын - «Стартер»;
• 3 орын - «Қайнар» құрама командалары иеленді.
Әзілдерімен көрермендерге ерекше әсер сыйлаған әзілкештер сахнада бар өнерлерін сала білді. Барлық жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!