Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі12 мамыр 2022театр

ШӘКӘРІМДІКТЕР ӘЙГІЛІ СЫҒАН СЕРЕНАДАСЫН ТАМАШАЛАП ҚАЙТТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры киелі Абай облысына гастрольдік сапармен келді. Қара шаңырақ ұжымы әйгілі «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын көріп қайтты.
 «Сыған серенадасы» - театр сахнасындағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Оның өресі кең, құпиясы ашылмаған. Вальс королі әйгілі Шәмші рухына бағышталған бұл туынды сазгердің тағдырын бейнелейді.
Әйгілі Шәмшінің жүрек шымырлатар, сезім серпілтер құдіретті әндері әрбір қазақтың аузында. Сол сұлу әндер өмірге қалай келді? Жалпы Шәмшінің өз тағдыры, өз махаббаты туралы не білесіз? Еріксіз биге жетелеп, махаббатпен тебірентер Сыған серенадасы. Осы бір әнді оятқан Сыған қызы Изольда жайлы естігеніңіз бар ма? Ән махаббаты Шәмші тағдырын тоқайластырған Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» атты поэтикалық драмасы сахнада осы тұрғыда сыр шертеді. Әуенге толы драма әсерге де толы,- дейді театр ұжымы.
Қызметкерлерді рухани-эстетикалық тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара - ұжым мүшелерінің көңілінен шықты.
Филология факультетінің декан орынбасары Шұғыла Макановна: «Қойылым нәзік сезім мен романтикалық шығармаға толы. Бұл нағыз кіршіксіз, таза махаббаттың жемісі. Спектакль дарынды композитордың әнімен сүйемелденді. Көрермендерді бейжай қалдырмағаны сөзсіз».
Спектакльде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Шынар Жанысбекова сынды көрермен қауымға театр және телеэкран арқылы танылып жүрген белді артистер мен қазақ театр өнерінің майталмандары бастаған көшке жаңадан қосылған жас буын өкілдері де өнер көрсетті.
Өнер ұжымында бүгінгі таңда 100-ден астам актер еңбектенеді. Репертуарда 60-қа жуық түрлі жанрдағы қойылым бар. Ғасырлық тарихы бар, қазақтың қара шаңырағына айналған өнер ордасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ұлттық театрға айналды.