Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі04 сәуір 2022студенты, ярмарка вакансий

ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДАРҒА АРНАЛҒАН БОС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ

Бүгінгі таңда Шәкәрім университеті цифрлық өндіріс үшін бәсекеге қабілетті мамандарды дайындап қана қоймай, сонымен қатар, заманауи өндіріс талап ететін ғылыми-техникалық мәселелерді тиімді шешіп, инновациялық техника мен технологияны құра білуде. Білім, ғылым және өндірістің интеграциясын күшейту негізінде инженерлік кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында жоғары оқу орын бірқатар кәсіпорындарымен ынтымақтастық жасап, еңбек нарығының қажеттіліктерін ескеріп, әлеуметтік серіктестермен байланыс орнатуда.

Осы ретте, университетімізде техникалық мамандарға арналған «Бос орындар жәрмеңкесі - 2022» өтті.  Оған 50-ден астам жұмыс беруші, 550-ге жуық білім алушы қатысты.
Жәрмеңкенің бірінші бөлімінде кадрларды даярлау мәселелерін талқылау үшін диалог алаң ұйымдастырды. Алғы сөз Басқарма төрағасы Б.Ердембековке берілді. Ректор өз сөзінде білім ордасында өнеркәсіп инженерлерінің жаңа буынын тәрбиелеу, техникалық мамандарды дайындау қажеттілігі басты назарға алынғандығын айтты.

Бірінші бөлім аясында Басқарма мүшесі – Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Ж.Молдабаева университетте инженерлік-технологиялық бағыт бойынша кадрларды дайындау мәселесі алдыңғы қатарда тұрғандығын айтып өтті.

«Инженерлік-технологиялық факультет өңіріміздің жетекші кәсіпорындарымен 5 кафедра филиалдары мен 12 білім беру бағдарламалары бойынша дуалды оқыту жүйесін еңгізді. Қазіргі таңда кадрларды жұмысқа орналастыру 85 %-ды құрайды.  Пандемия кезінде бұл көрсеткіш 40 % -дан төмен болды. Аталған нәтиже біздің мамандарымыздың сұранысын көрсетеді»,- деді проректор.

Алаңда бірлескен білім беру бағдарламалары , ғылыми зерттеулерді және бірлескен жобаларды жүзеге асыру, интеграцияланған оқу жоспарлары мәселелері талқыланды.

«Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС техникалық директоры Е.Мусин өз сөзінде дуалды оқыту жүйесін,  өзара тиімді серіктестік байланыстарын нығайтуға және техникалық салада дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін ұсынды.

Іс-шараның екінші бөлімінде жұмыс берушілердің түлектердің түйіндемесімен танысуына және face-to-face кездесуіне мүмкіндік берілді. Жәрмеңке қорытындысы бойынша түлектердің 40 %-дан астамы түрлі ұйымдармен алдын-ала келісімге отырды.