Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі09 қараша 2021

УНИВЕРСИТЕТ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС-де

 «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС — тазартылмаған май өндіретін және экспорттайтын майлы дақылдарды өңдейтін зауыт. Зауыт 2018 жылы құрылған. 2021 жылдың мамыр айының соңында компания техникалық іске қосуды жүзеге асырып, қазіргі уақытта май экстракциялық зауыт жабдығын ретке келтіруді, сондай-ақ баптауды жүргізуде.

Теориялық білімді жаңарту, «Qazaq-ASTYQ GROUP» ЖШС мамандарының дағдыларын жетілдіру мақсатында Шәкәрім университеті 27.05.-2.06.2021 ж.12 адамға «Күнбағыс майын өндіру процесін бақылау» тақырыбы бойынша біліктілікті арттыру курстарын өткізді. 07.06.-19.06.2021 ж. «Майлы дақылдарды қайта өңдеу технологиясы» тақырыбы бойынша 68 қызметкер біліктілігін арттыру курсынан өткен болатын.

Қазіргі уақытта ғылым, білім және өндіріс интеграциясы жүріп жатыр. Осы мақсатта Басқарма төрағасы Б.Ердембеков бастап оқу орнымыздың Ғылым департаменті мен Инженерлік-технологиялық факультеті «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС зауытына барып қайтты.
Зауытты аралау барысында осы кәсіпорынның бас директоры Е.Дускужанов зауыттың қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Зауыт болашақта жұмысқа тек механиктер мен технологтарды ғана емес, сонымен қатар агрономия, ветеринария және химия саласындағы мамандарды да алуды жоспарлап отыр. Зауытта алыс шетелден шақырылған технологтар мен инженерлер жұмыс істейді, олар университеттің профессор-оқытушылар құрамына да семинар өткізе алады. Қазіргі уақытта зауыт 285 жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Ректор мен зауыттың Бас директоры
әлеуметтік серіктестік аясында сұхбат құрып, университеттің дарынды студент-практиканттарына оқу жылына стипендия беру мүмкіндігі туралы және кәсіпорын тарапынан диплом жобаларын қорғауға, кейіннен түлектерді жұмысқа орналастыруға қатысу мүмкіндігі туралы келісілді.

Университет түлектері бүгінгі таңда аталған зауыттың қызметкерлері болып табылады: 7М07103-"Технологиялық машиналар және жабдықтар"; 7М05301-"Химия", 5В072100-"Органикалық заттардың химиялық технологиясы"білім беру бағдарламалары.

Кездесу барысында Шәкәрім университетінің басшысы Б.Ердембеков пен «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС бас директоры Е.Дускужанов ынтымақтастық және өзара көмек туралы Меморандумға қол қойды.
Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты кәсіпорынның өндірістік жағдайларының талаптары мен ерекшелігіне жауап беретін инженерлік және аграрлық салалардың кадрларын даярлау бойынша ұзақ мерзімді байланыстар орнату.

Ынтымақтастық шеңберінде болашақта практикалардың барлық түрлері бойынша шарттар жасасу және "Технологиялық машиналар және жабдықтар" білім беру бағдарламасы бойынша кафедра филиалын ашу жоспарлануда.