Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі20 қараша 2021

ҰСТАЗҒА ҰЛАҒАТТЫҚ - ТАҒЗЫМ

 

Аса құрметті Есенгелді Омарбек ұлы сіз - Шығысымыздың ауыл шаруашылығына қатысты маңдайына біткен жоғары оқу орыны - киелі мекеніміздің кешегі Семейдің зооветеринариялық иниституты бүгінгі Шәкәрім атындағы университеті КеАҚ талмай қажырлылықпен ұстаздық еңбек етудесіз.

Дана халқымыз “Базарда адам көп, бірақ сәлем сүйгеніне беріледі” дейді.

Сіздің ғылым мен ұстаздық ұлағаттылықтағы орныңызды, осы уақытқа дейінгі асқан асуларыңызды көре тұра - бұл сәлемді шәкіртіңіздің ұстазына деген тағзымы ретінде қабылдауыңызды сұраймын.

Халқымыз “Атадан ұл туып, ата жолын қуса игі” - деп текке айтпаған ғой. Сіз ұл, қыз өсіріп - ұлын ұяға қызын қияға қондырған абзал әке, асқар таудай ата, адал жар және ғалым - ветеринарсыз. Бала тәні ауырса – анаға, шәкірт жаны ауырса - ұстазына жүгінуі заңды нәрсе. Кейде халқымыз “Өткен күнде белгі жоқ” - деген ғой бірақ, көп жағдайда соны түсіне алмаймын. Бір жағынан бұл менің өзіңіздің жан дүниеңізді шәкіртіңіз ретінде түсінуден туындаса, екіншіден өз пікірімді ортаға салу деп түсінерсіз. Мен өзіңіздің шәкіртке деген талапшылдығыңыз бен ерекше талғамыңыз, күтер асқақ мақсатыңыз бен әрдайым рух бере отырып, шәкіртті жігерлендіру ұстанымында сабақ өткізуіңізге қызығамын. Мен таныған еңбекқорлық, адамгершілік қасиеттер мен мұнтаздай тазалық, серілігіңізге ақ халатты абзалдығыңыз - вирусологиялық реакциялар сияқты үйлесімділіктің өзі бір ғанибет - дастан ғой шіркін!

Дәлірек айтқанда қазақ айтқан тектіліктің ұстанымын сіздің әулеттен көруге болады: әкеңіздің еңбек майталманы, Социалистік Еңбек ері, өзіңіздің ғылыми шеніңіз, ұлыңыздың АҚШ елінде жан ұясымен еңбек етуі, немереңіздің Швейцария мектебінде оқуы. Берісі өзіңіздің тәлімгерлік шеберлігіңізді жалықпастан дәріптеуіңізді - Алла әулетіңізге берген несібелік ырыздық бақыты дер едім. Сіз сегіз қырлы бір сырлы азаматсыз. Қолыңыздан қазақтың қара домбырасы түспеген. Домбыраны сонау Африканың Гвинея Республикасында 3 жыл жаныңызда ұстап, ол жердегі студенттерге, халқына таныттыңыз. Бұл өнеріңіз отбасылық, ресми отырыс болсын сол ортаның қазақи әуенін ерекше бір тебіреніске бөлеуге ықпал еткен шынайы ұлттық тұмар дер едім.

Жалпы ұстаз деген ұлы есімге берілген ұлы тұлғалар ұстанымын тілге тиек етер болсам: «ұстаз жаратылысынан алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жан» деген екен Әл-Фараби. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу бұл нағыз шеберлік емес пе?! Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық - ұлы құрмет» деген.

Сізді осынау мерей тойыңызбен құттықтап, зор денсаулық тілей отырып, ұстаздықтан жалықпас деген ойды сеніммен айта аламын.

Есаға бұл мереке – өміріңіздегі ең қуанышты күндердің бірі болсын! Барлық армандарыңыз бен жоспарларыңыз орындалсын! Достарыңыз бен туыстарыңыздың өрісі кеңейіп, әулеттен бақыт кетпесін! 100 жасаңыз!

Сіз мейірімді, талапшыл адамгершілігі мол адамсыз, сол үшін біз сізді пір тұтамыз!

 

Шәкіртіңіз Ермек Ережепұлы