Шәкәрім университетінің оқу базасында өткен тимбилдинг барысында Филология жоғары мектебінің ұйымдастыруымен жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі талданды. Іс-шараға декандар, кафедра меңгерушілері, құрылым басшылары, профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.
Автор «Тозақ оттары жымыңдайды» хикаятында үндіс тайпасының өмірін тілге тиек ете отырып, Кеңестік заманда осындай үлкен тарихи әділетсіздікті басынан кешіріп жатқан қазақтың тілінен, ділінен, дінінен, тіпті жерінен де айырылу қаупі төніп тұрғанын суреттейді.
"Совет үкіметі тарихымызды бұрмалады. Мемлекеті жоқ, шекарасы жоқ, тарихы тек 1917 жылдан басталатын бір ел болып шыға келдік. Енді осы тығырықтан шығу үшін менің ойыма келгені, әлемде қиянат көріп жатқан халық тек қазақ емес, басқа да ұлттар бар. Қазақтың тағдырын солар арқылы беру, жеткізу. Мен өзім сол кездердегі Бразилиядағы үндістердің тағдырын көп оқыдым. Сол үндістердің тағдыры арқылы қазақтардың ауыр тағдырын жеткізуге болатын шығар деген идея туындады басымда.» деген екен автордың өзі.
«Цензура» деп аталып, шығарманың белгілі бір қалыптан ауытқымауы қатаң бақыланып, електен өткізіліп отырған Кеңес заманында автордың осылайша қиыннан жол тауып шығуы ерлікпен парапар. Кеңес үкіметі халықтардың тарихын бұрмалап, көп нәрсені халықтың жадынан өшіруге тырысқан уақытта автордың үндіс тайпаларының тағдыры мен қазақ халқының ауыр күндерін біріктіріп көрсетуі үлкен көркемдік және саяси батылдықты қажет еткені анық.
Қатысушы профессорлық-оқытушылар құрамы шығармада үндіс тайпаларының тағдыры мен қазақ халқының тарихындағы қиын кезеңдер арасындағы параллельдердің өте шебер түрде көрсетілгенін, біздің халқымыз да отарлау саясатының ащы дәмін барынша татқанын атап өтті. Бұл шығарма арқылы жазушы қазақ халқының қиын тағдырын әлемдік деңгейде, нақтырақ айтқанда, үндіс халықтарының трагедиясы арқылы жеткізуге тырысты. Қатысушылар автордың шығармасын тек тарихи оқиғалар мен ұлттық мұраның көрсетілімі ретінде емес, сонымен бірге, адамзаттық қасірет, әділетсіздік пен азаттық үшін күрес ретінде де қарастыру қажеттігіне тоқталды.
Кітап талдау барысында ұтқыр ой-пікірлерімен ерекшеленіп, белсенді түрде атсалысқан қатысушыларға жерлес жазушы Айгүл Кемелбаевның таңдамалы шығармалар жинағы тарту етілді.
Бұл игі іс-шара алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.