Еліміздің білім беру саласында өзіндік ізі бар, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері Жексенбек Мәкейұлы Әділов 76 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Жексенбек Мәкейұлы 2004 жылдың 2 ақпанында ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры болып (2004-2008) тағайындалды.
Сол жылдарда Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ұжымы оқу-тәрбие үрдісінде, ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік жұмыстарда маңызды жетістіктерге жетті және қазақстандық жоғары оқу орындары арасында көшбасшылық орындарға ие болды. Ақпараттық білім беру технологиялары енгізілді, халықаралық ғылыми және білім беру байланыстары дамып, нығая түсті.
Университет Қазақстанның Солтүстік-Шығыс аймағындағы жоғары оқу орындарының алғашқыларының бірі болып Сапа менеджменті жүйесін енгізді және сертификаттаудан (№с405/0673 ИСО 9001 швейцариялық компания «SGS International Certification Services») өтті.
2004 жылдан бастап Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті білім берудің халықаралық үш деңгейлі жүйесіне (бакалавриат – магистратура – докторантура) көшті.
2005 жылдың 1 қарашасында 08.00.05 – Экономика және халық шаруашылығын басқару мамандығы бойынша К 14.70.05 Диссертациялық кеңес ашылды.
Ғылыми атақтары мен дәрежелері бар профессорлық оқытушылар саны 36% пайыздан 46%-ға өсті. Университетте мемлекеттік тілде мамандар даярлауға және тіл саясатын жүзеге асыруға, сондай-ақ, ұлттық саясат және халықаралық қарым-қатынасқа үлкен көңіл бөлінді.
Университет Шәкәрімнің мәдени мұрасын зерттеуге айрықша мән берді. 2004 жылы оқу ордасының базасында еліміздегі ең ірі ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі – «ХХІ ғасыр және Шәкәрім әлемі» орталығы құрылып, ол Шәкәрімнің шығармашылығын терең зерттеу және насихаттау ісімен айналысты.
Ғылыми қауымдастық арасында үлкен беделге ие болған «Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің Хабаршысы» атты ғылыми журнал тұрақты түрде жарық көріп отырды.
Креативті көзқарас пен жаңашыл бастамалар университеттің халықаралық ынтымақтастық деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Қытай, Түркия, Венгрия, Словения, Польша, Ресей, Беларусь, Украина, Балтық елдері, Қырғызстан университеттері және ғылыми орталықтарымен байланыстар нығая түсті. Университет студенттері «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ, Германия, Қытай, Чехия, Түркия, Ресей сияқты елдерде білімдерін жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.
Қысқа мерзім ішінде университеттің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсартылып, оқу корпустары мен жатақханаларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Университеттің өз стадионы салынды.
Оқу орнында құрылыс материалдарын өндіру қолға алынып, алғаш рет жаңа мамандық – геодезия мамандығына студенттер қабылдана бастады.
Сонымен қатар, студенттер мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау және алдын алу мақсатында университеттің өзінің «Медициналық орталығы» ашылды.
Университет студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға барынша жағдай жасап, бірқатар ұйымдар мен құрылымдарды құрды: Шығыс Қазақстан облысындағы алғашқа «Шаңырақ» студенттік ассамблеясы, ақындар клубы, пікірсайыс клубы, КВН командалары, сән студиясы, ШҚО жастар қоғамдық бірлестігі, студенттік құрылыс жасағы, «Жасыл Ел» жасағы, Қазақстан студенттер альянсы және тағы басқа шығармашылық бірлестіктер.
2005 жылы университет Шығыс Қазақстан облысы әкімінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығына жариялаған байқаудың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, Халықаралық қор басқармасы (Швейцария, Женева қаласы) Шәкәрім университетін «Жоғары сапалы іскерлігі үшін» Алтын медалімен марапаттады.
2005 жылы 1 қарашада 08.00.05- Экономика және халық шаруашылығын басқару мамандығы бойынша К 14.70.05 Диссертациялық кеңес ашылды.
2008 жылы Шәкәрім университетінің инженерлік бейінді зертханасы өз жұмысын бастады, ал қыркүйек айында зертхана «Радиоэкологиялық зерттеулердің ғылыми орталығы» болып қайта құрылып, бүгінгі күнге дейін ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді.
Сол жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық аккредитациялау орталығы жүргізген Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының білім беру қызметін бағалау нәтижелері бойынша Шәкәрім университеті еліміздің ірі көпсалалы жоғары оқу орындарының ішінде 10 орынды иеленді.
Жексенбек Мәкейұлының ұзақ жылдар бойғы ғылыми және педагогикалық еңбектері – келешек ұрпаққа үлгі. Ғылым жолында 7 монография мен 70-тен астам ғылыми-әдістемелік еңбек жариялап, еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға зор еңбек сіңірді.
Марқұмның жарқын бейнесі, ел үшін еткен еңбегі, ғибратты ғұмыры әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады.