Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі01 қазан 2024қарттар - қазынамыз

1 қазан – Халықаралық Қарттар күні. ҚАРИЯЛАР – ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ӨЗЕГІ

Құрметті Shakarim University ардагерлері!

Бүгін – Халықаралық қарттар күні – саналы ғұмырларын ел игілігіне арнаған, жас ұрпақ бойына білім дәнін сеуіп, сол бір ізденіске толы тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің іргетасын қалауға барынша үлес қосқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың төл мерекесі.

Сіздер жас буынға білім берумен қатар оларды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиеледіңіздер, рухани құндылықтарды қалыптастырып, елге адал қызмет етуге үйреттіңіздер.  Ұлт болып ұйысуды, ұжымда ынтымақтасуды, Отанды сүюді,   бауырмалдық пен қарапайымдылық секілді құнды қасиеттерді біз сіздерден ұғындық.

 

«Шежірелі қартың болса,

Қағазға жазған хатың деген,

Қарттың сөзі кітапқа жақын деген»- деп Шал Құлекеұлы айтқандай,

Сіздердің араларыңызда абзал ағаларымыз, шежірелі қарттарымыз, ардақты аналарымыз бар. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, жастардың бойына білім мен тәрбиені қатар сіңіре білген, бүгінде осы саланы абыроймен алып жүрген ізбасарларына дұрыс жол көрсеткен кешегі ұстаз, бүгінгі зейнеттегі ардагерлердің орны біз үшін қашанда биік.

Қартты құрметтеу, үлкенді сыйлау – қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүрлерінің ең озығы, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеудегі рухани қазынасы екендігі белгілі. Осынау отбасылық институт – ұлтымыздың айнасы, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан асыл мұра. Халқымыздың үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсете білетін игі дәстүрі лайым жалғасын таба берсін.

Халқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, «Қарияның сөзі – халықтың сөзі» деген қағида қанымызға ана сүтімен сіңгендіктен, ақсақалды ардақ тұтып, ақ жаулықты аналарымызды сыйлап, сіздердің даналық дәрістеріңізді көңілге тоқып, ұрпақтар сабақтастығының ұлы көшін жарасыммен жалғап келеміз.

Қандай қиын кезде болмасын өз мамандықтарыңызға адалдықтарыңызды паш етіп, өңіріміздің өрістеуіне, білім көшінің өрге басуына қосқан әрқайсыларыңыздың үлестеріңіз, ерен еңбектеріңіз ел жадында.

Сіздердің ел болашағы үшін атқарған игі істеріңізге алғыс білдіре отырып, дендеріңізге саулық, әулеттеріңізге амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін! 

Мерекелеріңіз құтты болсын, ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кенішіндей қазыналы қариялар!

Құрметпен, Думан Орынбеков