Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі21 желтоқсан 2022мектеп оқушылары, абайтану, кемел адам

АБАЙДЫ ТАНУ – ҚАЗАҚТЫ ТАНУМЕН БІРДЕЙ!

Шәкәрім университетінің миссиясы: ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман дайындаумен қатар, Кемел адамды (А.Құнанбаев) қалыптастыру екені баршамызға мәлім. Сондай-ақ, Университеттің төртінші миссиясы – қоғамға қызмет етуге де аса назар аударылуда.
Қасиетті Абай топырағын басып, Шәкәрім атындағы қара шанырақта қызмет етіп жатқан біздерге маңдайымызға біткен хакім Абайдай бағымызды өз биігінен түсірмей, ұстаздың сауатты ұрпақ тәрбиелеуі бізге жүктелген үлкен міндет. Мектеп жасындағы балаларға бала Абайды оқыта алмай отырып, ақын Абайға жете алмаймыз. Ал ақын Абайды аша алмасақ, Хакім Абайды мүлде тани алмасымыз анық...
Осы орайда «Мектеп - ЖОО» кластері аясында «Шәкәрім керуені» жобасы Жарма ауданынан бастау алған болатын. Осы жобаның келесі сатысында ауданның барлық ұстаздары мен оқушылары үшін Шәкәрім университетінің ғалымдары дәрістер оқуда.
Сонымен қатар, жоба төңірегінде бүгінде барлық Жарма ауданы мектеп кітапханаларына университет басшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембековтың «Абайтану» оқулығы сыйға тартылды.
Бұл тарту ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыруға, ауыл мектептерін қолдауға қосқан үлесі деген ойдамыз.
Мектеп оқушылары үшін Абайдай дана ақынның парасатты ойы үлгі, адасқанға шамшырақ, ақылдыға бағыт-бағдар берері сөзсіз.