Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі25 сәуір 2023делегация, ынтымақтастық, жоо

АҚШ-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫНДА

Бүгін Шәкәрім университетіне АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Daniel Rosenblum мырза ресми сапармен келді. Делегация құрамында Daniel Rosenblum мырзаның жолдасы Мисс Sharon Waxman, Қоғамдық дипломатия бөлімінің басшысы Мисс Debra lo, Мәдениет және білім мәселелері жөніндегі атташенің орынбасары John Orak мырза, Қоғамдық дипломатия бөлімінің қызметкері Андрей Двирный және бағдарлама үйлестірушісі Айдана Талғат болды.
Сапар барысында Елші мырза қара шаңырақтың тыныс-тіршілігімен, оқы орнының қазіргі даму бағыттарымен танысты. Бас қосуда университет басшылығы ҚР-дағы АҚШ елшілігіне жемісті ынтымақтастығы үшін, әсіресе білім ордасына ерікті ретінде Emma Larson ханымды жібергені үшін ерекше алғысын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың маусым айына дейін Шәкәрім университетінде АҚШ елшілігінің Fulbright English Teaching Assistant бағдарламасының стипендиаты, АҚШ азаматы мисс Emma Larson ағылшын тілінен тегін сабақтар өткізуде.
Кездесу соңында тараптар ризашылық пен өзара құрмет белгісі ретінде естелік сыйлықтармен алмасты. Оқу орны тарапынан Елші мырзаға заманауи үлгідегі қазақтың ұлттық шапаны мен «Әкем Абай туралы» естелік кітабы табысталды. Өз кезегінде АҚШ делегациясы университет басшысы Бауыржан Аманкелдіұлына Мұхтар Әуезовтің «Америка әсерлері» ағылшын тіліндегі кітапты сыйға тартты.
Сапар аясында Daniel Rosenblum мырза мен мисс Sharon Waxman АҚШ, Польша, Оңтүстік Корея және Түркия университеттерінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқыған Шәкәрім университетінің белсенді студенттерімен кездесті. Кездесу барысында ЖОО студенті Айнұр Ризабекова академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Питтсбург университетіндегі жағымды әсерлерімен бөлісуге мүмкіндік алды. Кездесу ашықтық пен достық атмосферасында өтті. Елші мырза студенттердің ағылшын тілін білуінің жоғары деңгейін, сұрақтардың бірегейлігін атап өтті. Студенттер АҚШ-тағы білім беру жүйесімен, мәдени ерекшеліктерімен жақынырақ танысты.