Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі18 қараша 2022ынтымақтастық, дуалды оқыту, ғылыми жобалар

БИЗНЕС КОНСОРЦИУМЫ: SHAKARIM UNIVERSITY & ALMAU

Бүгінгі таңда жаңа технологияларды меңгерген, заманауи еңбек нарығының жағдайына оңай бейімделетін жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрларды дайындау бұрынғыдан да маңызды. Мәселені шешу жолдарының бірі – жұмыс берушілермен өзара белсенді әрекет пен әлеуметтік серіктестік.

Шәкәрім университетінде экономикалық өсуді білім беру арқылы реттеп, Орта Азиядағы кәсіпкерлік ойлауды насихаттаушы Almaty Management University өкілдері және бизнес-инвесторлармен кездесу өтті. 

Бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланған жиында AlmaU ғылым жөніндегі проректоры Бақытжан Саркеев, AlmaU Технологияларды коммерцияландыру орталығының директоры Кендрик Уайт, Eurasia Agro Holding қаржы бөлімінің басшысы Әсет Изатов, Bondarskaya AG бас директоры Co John Haskell, Eurasia Realestate Development бас директоры Ерлан Мұқашев, Шәкәрім университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы, сондай-ақ Инженерлік-технологиялық, Ветеринария және агроменеджент факультеттерінің  ғалымдары қатысты.

Shakarim University басшылығы қонақтарды жоғары оқу орнының қызметі, зертханалық-ғылыми базасы және іске асырылып жатқан халықаралық жобалармен таныстырды.

AlmaU ғылым жөніндегі проректоры Бақытжан Саркеевтің айтуынша, университет пен бизнестің өзара байланысы практикалық нәтижелерге қол жеткізуге бағытталғандықтан, оң нәтиже берері анық дейді проректор.

–Біз Шәкәрім университетімен ынтымақтастық орнаттық. Басты мақсатымыз бірлескен ғылыми жобаларымызды кеңірек талқылау.

Басқосуда кәсіпкер Ерлан Мұқашев Шәкәрім университетінде фермерлерді оқыту бойынша тренинг алаңын құруды ұсынды.
– Ет сапасын қамтамасыз ету мәселесі бойынша ғана емес, ветеринария және ауыл шаруашылығы саласында да. Бізде ұлттық қазақ етінің брендін құру үшін барлық жағдай жасалған. Себебі, Шәкәрім университеті – Қазақстанның солтүстік-шығысындағы ауылшаруашылығы саласындағы жоғары білімді мамандарды дайындайтын жалғыз оқу орны. 

Алдағы уақытта тәжірибе алмасу үшін австралиялық ғалымдарды шақыру жоспарлануда. Бұл ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мақсатында олардың перспективалық тәжірибесін қабылдауға мүмкіндік береді. 

Делегация өкілдері сапар барысында Шәкәрім университетінің «Тамақ өндірісі технологиясы және биотехнология» кафедрасын, «Радиоэкологиялық зерттеулер» мен  «Агротехнопарк»  ғылыми орталықтарының қызметімен танысты. 

Үлкен жобаларға бастама болып отырған ынтымақтастық шарасы «студент – университет – жұмыс беруші» тізбегіндегі үйреншікті амалдардан бас тартып, білім беру бағдарламалары мен болашақ жұмыс орнына қатысты таңдау еркіндігін қамтамасыз етуге, білім алушыларға бірегей білім алуға мол мүмкіндік берері сөзсіз. 

Аталған жиын Шәкәрім университетінің облыстық ғылым орталығы мәртебесіне лайықты екендігін тағы бір мәрте дәлелдейді.