Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі01 наурыз 2022спорт, спартакиада, ппс

ДӘСТҮРЛІ СПАРТАКИАДА ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Шәкәрім университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері арасында дәстүрлі өтетін спартакиада бүгін мәреге жетті. Университет ұжымының денсаулығын нығайту, спорттық шеберлігін шыңдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткен спартакиада ойындары 1 ақпаннан 1 наурызға дейін жалғасын тапты.
Спорттың ер және әйел адамдар арасында волейбол, футбол, баскетбол, бадминтон, тоғызқұмалақ, ату, дартс, шахмат және үстел теннисі сияқты тоғыз түрінен өткен сайысқа 7 команда қатысты. Атап айтқанда, жарыс кезеңдерінде «ИТФ», «ЖМФ», «ФФ», «ГЭФ», «ВАФ» факультеттері мен «Колледж», «Ректорат» ұжымынан құралған командалар бақтары мен баптарын сынады.
Спартакиаданың жабылу салтанатында университет басшысы Б.Ердембеков оқу орны ұжымының арасында салауатты өмір салтын дәріптеуде осындай шаралар зор септігін тигізетіндігін атап өтті.
«Спорт – денсаулық кепілі. Мемлекетіміз өзінің алдына дене шынықтыру мен спортты дамыту туралы тұтас міндет қойып отыр. Сондықтан да Шәкәрім шаңырағында спорт, дене шынықтыру салаларына көп көңіл бөлінеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда спорттың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Келешекте балаларға арналған бассейнді іске қосу жоспарлануда»,- деді Бауыржан Аманкелдіұлы.
«Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі Д.Советханұлының айтуынша биылғы спорт сайысына 250 қызметкер қатысқан. Әрбір команда 27 адамнан тұрады. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жоғары.
Спорт сайысының қорытындысы бойынша «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан командалар мен жекелей қатысушылар университет ректорының Алғыс хаты мен ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жеңімпаз командаларға арнайы жүлде қоры бекітілді. Спартакиада демеушілері «Шәкәрім шапағаты» қоры 650 000 тг; Кәсіподақ ұйымы 250 000 тг, Түлектер қауымдастығы 100 000 тг. Жалпыкомандалық есепте Жаратылыстану-математика факультеті өзгелерден оқ бойы озып шығып, 1-орын алды. Ректорат командасы 2-орынды иеленсе, жүлделі үшінші орын Инженерлік-технологиялық факультетінің қанжығасына байланды.
Бір айға созылған спартакиада нәтижесі төмендегідей:
  • 1. Бадминтон ерлер мен әйелдер арасында 1-орын ЖМФ;
  • 2. Баскетбол 1-орын ЖМФ;
  • 3. Футзал 1-орын Ректорат;
  • 4. Үстел теннисі ерлер мен әйелдер арасында 1-орын ЖМФ;
  • 5. Волейбол 1-орын ЖМФ;
  • 6. Тоғызқұмалақ ерлер арасында 1-орын ГЭФ, әйелдер арасында 1-орын ФФ;
  • 7. Шахмат ерлер арасында 1-орын ФФ, әйелдер арасында 1-орын ИТФ;
  • 8. Ату ерлер арасында 1-орын Байгожин Адлет, әйелдер арасында 1-орын Байбосинова Құралай;
  • 9. Дартс ерлер арасында 1-орын Жолбарысов Исахан, әйелдер арасында 1-орын Байбосинова Құралай.
Алдағы уақытта студенттер арасында спартакиада ойындары өтеді.