Шәкәрім университетінде жоғарғы оқу орнына қабылдау науқаны басталды. Биыл комиссия жаңа форматта жұмыс істемек.
Кеше ғана мектеп қабырғасымен қоштасып, үлкен өмірге аттанған түлектердің алдында «Кім боламын? Қай оқу орнына түсемін?» - деген сұрақ туындайды. Талапкерлердің ыңғайлығы үшін биылғы жылы Шәкәрім шаңырағында бірнеше жаңашылдық енгізілген.
Дәстүрге айналған рәсімге университет басшылығы, серіктестер мен белсенді студенттер, мектеп түлектері мен ата-аналары қатысты. Алғы сөз Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембековке берілді.
Бауыржан Аманкелдіұлы: «Білім, білім алуға деген ұмтылыс – уақыт, орын, кеңістікке қарамастан дамып, тоқырауға ұшырап, қайта жанданып, өзгерістерге бейім келетін үздіксіз процесс... Ғасырға жуық тарихтың жетістіктерін еселей отырып, біз өңірде өз дамуымызды жалғастыруға және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман мен кемел тұлғаларды дайындауға ұмтылған университетпіз».
Қабылдау комиссиясының басты ерекшелігі – осындай маңызды іс-шараға студенттердің араласуы мен әскери кафедраның ашылуы. Сондай-ақ, тәулігіне 24 сағат бойы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде сұрақтар қойып, жауаптар ала аласыз.
Шара университеттің кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуге белсене ат салысқан студенттерді марапаттаумен жалғасты.
Әлихан Бөкейхан атындағы №39 мектеп түлегінің ата-анасы Бикамал Жүнісқызы Қабылдау комиссиясы жұмысына сәттілік тілеп, Шәкәрім шаңырағы ұжымына жылы лебізін білдірді. «Болашақ өлкетанушы» қалалық конкурсының жеңімпазы, «Шәкәрім грантының» иегері, №4 орта мектептің түлегі Жеңісов Нұрасыл: «Шәкәрім университеті – ең беделді жоғары оқу орны. Біз бұл университеттен толық кәсіби білікті маман атанып шығатынымызға сенімдіміз. Сондықтан біздің таңдауымыз осы университет. Үлкен мүмкіндік берген Шәкәрім университетінің басшысы Бауыржан Аманкелдіұлына алғыс білдіремін», - деді.
Салтанатты кеште ең бірінші болып тіркелген 10 түлекке университет атынан сыйлықтар табысталды. Қабылдау комиссиясы әдеттегідей 13 маусымнан тамыз айының соңына дейін жұмыс істейді. Мемлекеттік гранттық конкурсқа қатысуға өтінімдерді беру мерзімі 13.07.2022-20.07.2022 жж.. аралығы. Айта кетейік, конкурсқа өтінім ҰБТ тапсыру кезінде құрылған жеке кабинетте ҰТО сайтында электрондық форматта беріледі.
Қай жерде білім алсаңыздар да, қай оқу орнын, қандай мамандықты таңдасаңыздар да, Сіздердің негізгі таңдауларыңыз - Қазақ Елінің жарқын болашағы үшін қызмет етуге бағытталатынына сенімдіміз!
Шаршы топтан топ жарып келген талапкерлердің қадамына сәттілік тілейміз!