Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі12 сәуір 2022поздравление

Қымбатты әріптестер, ғылыми қызметкерлер, магистранттар, докторанттар!

Сіздерді кәсіби мерекеміз – 12 сәуір Ғылыми қызметкерлер күнімен құттықтаймын! Сіздердің қажымас еңбектеріңіздің арқасында Шәкәрім шаңырағы Қазақстанның ғылыми әлеуетін дамытуға өз үлесін қосуда. Еліміздің ғылыми әлеуетін айқындауда негізгі күш жоғары оқу орындарына түсетіні белгілі. Білім мен ғылым саласында жүзеге асырылған бірқатар реформалар, университет жанынан ашылған ғылыми-зерттеу орталықтары ғылымды өркендетудің негізгі тетігіне айналды.
 2021-2022 оқу жылында университетімізде 19 ғылым докторы, 152 ғылым кандидаты және 29 PhD докторлары қызмет атқаруда. Биылғы жылы университетте ғылыми нәтижелер мен жетістіктер саны артып келеді. Атап айтқанда, университет қабырғасында жүрген 7 ғалым қауымастырылған профессор, 3 ізденуші PhD докторы дәрежесін алса, 7 ұстаз «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. 2022 жылы «Азық түлік өнімдерінің технологиясы», «Тағам қауіпсіздігі», «Технологиялық машиналар мен жабдықтар» білім беру бағдарламалары бойынша Диссертациялық кеңестер ашылды. Соңғы жылдары университетімізде жас ғалымдардың саны артып келеді. Қазіргі таңда олар әр түрлі гранттық қаржыландыру жобалары, «Болашақ» бағдарламаларында өз бақтарын сынауда. 2021-2022 оқу жылында ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жарияланған жобалар конкурсына шаңырағымыздың белді ғалымдары мен докторантура түлектері өз жобаларын ұсынуда, ал жас ғалымдарымыз нәтижелерін күтуде.
 Атқарылған істер, жеткен жетістіктер мол болғанымен, алдымызда жаңа күрделі міндеттер тұр. Құрметті әріптестер, Шәкәрім шаңырағында жасап жатқан ғылымдарыңыз келешекте еліміздің игілігі үшін қызмет ететіне кәміл сенемін. Университетіміздің ғылыми-инновациялық ілгерілеуіне қосқан үлестеріңіз үшін зор алғыс айтамын. Сіздерге жемісті еңбек, ғылым жолында мол табыс тілеймін! Жаңа жетістіктерге жетіп, әлемдік ғылыми басылым беттерінен көріне беріңіздер!
Құрметпен, Басқарма Төрағасы – Ректор Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ