Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі19 мамыр 2022шәкәрім оқулары, байқау

«ШӘКӘРІМ - ART» ҚОЛӨНЕР ЖӘНЕ ДИЗАЙН БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

«Shakarim Forum» аясында шығармашылық мамандықтар арасында «Шәкәрім - ART» қолөнер және дизайн байқауының қорытынды туры өтті.
Ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту және университет миссиясын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған сайысқа шығармашыл студенттеріміз 50-ден астам туындыларын ұсынды. Ақтық мәреге 5 қатысушы жолдама алды.
Алғы сөз алған университет басшысы Бауыржан Ердембеков форум аясында бірқатар шаралар легі өтіп жатқандығын тілге тиек етіп, білім ошақтарында бейнелеу өнері, көркем еңбек пәндері қысқарған дей келе, «Баланы, әсіресе мектеп жасындағы оқушыларды бейнелеу өнеріне баулу қашанда кезек күттірмейтін міндет екені айдан анық. Әр ұрпақ жасаған көркем туындылар мәдени мұра ретінде келесі ұрпақтың еншісіне ауысып, жаңа қоғамдық-тарихи жағдайға сәйкес өзінің мазмұны мен формасын жетілдіріп отырады» деді.
Сән дизайны, сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері жанрлары бойынша Ғалымбек Дария «QAZAQTREND», Лукпанова Дильназ «QONYRAT», Турсынгазиева Айдана «QUEENSTILE», Абдулкарим Жанара «АЛАША» және Байболинова Айсулу «MODERNETHNO» этно-стильде өз коллекцияларын көрермен қауымға ұсынды.
Киімде этникалық дәстүрлерді пайдалану қазақ халқының мәдениеті мен өнеріне тұрақты қызығушылықты қалыптастырады және халықаралық диалогтың дамуына ықпал етеді. Мұндай жаңашылдық біздің де білім алушыларымызда бар.