Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі30 қаңтар 2023грант, мектеп оқушылары, шәкәрім олимпиадасы

«ШӘКӘРІМ БІЛІМ ГРАНТЫНЫҢ» ИЕГЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

​Соңғы уақытта білім саласында орын алған реформалардың сапаға бағытталып жатқаны анық. ЖОО сапалы маман даярлау бағытында түрлі жобалар мен шаралар ұйымдастыруда. Университеттердің өз білім гранттарын әртүрлі байқаулар өткізу арқылы ұсынуы да – өз қатарына дарынды да білімді жастарды тартудың бір жолы.

​Шәкәрім университетінде осы бағыттағы үлкен шара – пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары анықталып, «Шәкәрім білім гранты» табысталды.
Олимпиаданы ұйымдастырудағы негізгі мақсат – талапкерлердің таңдау пәндері бойынша өз білімін ЖОО гранты мен оқу ақысына жеңілдік алу жолында сынау. Дарынды талапкерлердің ЖОО-да білім алып қана қоймай, туған жерінде «ту тігуге», болашақта қызмет етулеріне мүмкіндік жасау – Шәкәрім университетінің негізгі мақсаты.
Білім байқауының ширек ғасырдан кейін облыстық деңгейде Шәкәрім университетінде өткізіліп отыруы, оған Абай облысы ғана емес, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарынан оқушылардың қатысуы шараның ауқымы мен маңызын арттырды.
Байқаудың 1-кезеңінде 1125 оқушы «Математика», «Биология», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Шетел тілі» және «Тарих» пәндері бойынша бақ сынасты. 2-кезеңге 383 оқушы жолдама алып, арнайы бекітілген қазылар алқасы әр пән бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Терең білімі мен тың ізденісін ұштастырған жас өрендер «Шәкәрім білім грантын» иеленді.