“Білім – бақтың жібермейтін қазығы...”, - дейді дана халқымыз. Қазіргі заманауи кезеңде білім – дамудың негізгі көрсеткіші және басты бағыты.
Оқу орнымызда дарынды оқушыларды қолдау және ынталандыру мақсатында мектеп оқушыларының арасында ұйымдастырылған пәндік олимпиада және шығармашылық конкурс өз мәресіне жетті.
Олимпиада биология, шетел тілі, тарих, математика пәндері және шығармашылық конкурстар (музыка, айтыс) бойынша өткізілді.
Еліміздің 9 өңірінен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған үздіктердің басын қосқан дүбірлі дода екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең ағымдағы жылдың қаңтар айының 17-19 күндері аралығында онлайн форматта өтті. Аталмыш формат олимпиадаға республикамыздың Алматы, Ақмола, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының мектеп оқушыларының қатысуына мүмкіндік берді. Республикалық деңгейде өткен бәсекеде барлығы 441 оқушы бақ сынасты. Байқаудың 138 қатысушысы олимпиаданың бірінші кезеңінен сүрінбей өтіп, екінші кезеңге жолдама алды.
Терең білім мен тың ізденісін ұштастырған 31 жас өрен жүлделі орындарға ие болды. Топ жарған 4 үздік оқушыға «Шәкәрім гранты» тағайындалды. Айта кететін жайт, университет тарапынан бөлінген гранттар саны 6 болғанымен, қазылар алқасы кейбір бағыттар бойынша оқушылардың «Шәкәрім грантын» иеленуге лайық деп таппады.
Ұйымдастырушылар олимпиаданың өткізілуі барысында академиялық адалдық принциптерінің толық сақталып, қатысушылар арасынан шын мықтыларды анықтауда тәуелсіз қазылар алқасының үлкен еңбек сіңіргенін атап өтті. Білім бәсекесінің қазылар алқасы тәуелсіздік сарапшылар екенін айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, білімділер бәйгесінде Шәкәрім университетінің әлеуметтік серіктесі – Республикалық QAZBILIM орталығы кез келген дайындық бағытына I орын иеленген қатысушыларға - 50%, II орынға - 30%, III орынға - 20% және арнайы аталымдарға - 10%, 2-кезеңге жолдама алғандарға - 5% жеңілдіктер мен ұлттық бірыңғай тестілеу кітапшаларының жинағын табыстады.