Батыс Түрік қағанатының кіндік тамыры болған Көкпекті жері, Толағай тауының етегі – қасиетке толы өңір. Еліне, жеріне Асан қайғының жерұйығын сыйламақшы болған Тарбағатай тауының бір шатқалын көтеріп келе жатқан Толағай дәл осы тұста тау астында қалған деген аңыз бар... Киелі өңірден кешегі тоғыз Кеңес Одағының батыры, тоғыз Еңбек Ерлері, университет түлегі, бүкіл саналы ғұмырын ұстаздық, тәрбиешілікке арнаған Жақия Шайжүнісов, қазақтың көрнекті айтыскер ақыны, өлкетанушы, шежіреші, журналист Қалихан Алтынбаевтардың шығуы заңдылық. Осы орайда Шәкәрім университетінің делегациясы «Шәкәрім керуені» кешенді жобасы аясында қасиетте мекенге ат басын тіреді.
Басты мақсат – Абай облысы аудандарының мектептерімен бірлескен жобаларды жүзеге асырып, оқушыларға ерте кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру.
Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев алғы сөзінде керуеннің маңыздылығына тоқталып, оқу орны делегациясына алғысын білдірді.
-Бүгінгі күні мамандық таңдау мәселесі басты назарда. Өңірімізден шыққан медицина, білім, ауыл шаруашылығы т.б. салаларының бітіруші университет түлектерімен кездесу ұйымдастырамыз. Себебі, кадр тапшылығы еліміздің ғана емес ауданымыздың басты проблемаласы ,- деді аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы.
Өз кезегінде университет басшысы Бауыржан Ердембеков Көкпекті ауданының барлық тұрғындарына жобаны қолдағаны үшін алғысын білдіріп, өңірдегі пән мұғалімдерінің тапшылығы тақырыбына тоқталып, бұл мәселені шешу үшін Шәкәрім университеті облыстық, қалалық білім басқармаларымен, мектептермен және аудан әкімдерімен бірлесе қызмет атқаруға дайын екендігін атап өтті.
Шара барысында Бауыржан Ердембеков мектеп кітапханаларының қорына шынайы рухани құндылықтар мен жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелерін ашатын авторлық «Абайтану» кітаптарын сыйға тартты.
Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектебінде «Мамандықтар жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, түлектерге арналған «Білім апгрейді», «Мамандықты дұрыс таңдайық» тақырыптарында тренинг-кеңестер өткізілді.
-Мамандық таңдауда керуеннің маңызы зор болды. Себебі, мен осыған дейін бейіндік пәндер бойынша топтардың санын білмедім. Ендігі кезекте қай оқу орны, қай мамандықта грант саны мен сапасы жоғары екендігін анықтай аламын. Бізге психологиялық тұрғыдан көрсетілген тренингтер жоғары дәрежеде өтті. Шәкәрім университетіне алғысымыз шексіз! - деді "Алтын белгі" төсбелгісіне үміткер Мөлдір Маркален.
Сонымен қатар Көкпекті ауданының бірқатар мектеп түлектеріне Шәкәрім білім беру грантының сертификаттары табысталды, ал Шәкәрім университетінің үздік студенттерінің ата-аналары мен Көкпекті ауданының мамандары – ЖОО түлектері алғыс хаттарға ие болды. Жергілікті атқарушы билік пен ЖОО арасында тығыс байланыс орнату мақсатында аудандық білім бөлімімен меморандумға қол қойылды.
Екі күнге созылған «Шәкәрім керуені» жобасы қала мен ауыл арасын байланыстыруда мызғымас көпірге айналды. ЖОО мен мектеп, ауыл мектептері арасындағы байланыс күшейді. Бірлескен методикалық нұсқаулықтар мен ғылыми жобалар талқыға салынды. Оқушылардың мамандық таңдауына бағыт-бағдар беріліп, ата-аналармен пікір алмасу жұмыстары жүргізілді. Рухани тағылымы мол керуен мақсатына жетті және алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз.