Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі11 қараша 2022студенттер, ынтымақтастық, шәкәрім керуені

«ШӘКӘРІМ КЕРУЕНІ» ЖАРМА АУДАНЫНДА

Бүгін «ЖОО–МЕКТЕП» кластері аясында Шәкәрім университетінің ректоры бастаған Шәкәрім керуені Жарма ауданына жұмыс сапарымен барды.
Шәкәрім керуені ауданның 400-ге жуық оқушы, мұғалім, мектеп басшылары және түлектерімен кездесіп, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізді.
Басты мақсат мектеп түлектеріне мамандық таңдау бағытында кеңес беру, ҰБТ-дағы бейіндік пәндері бойынша шеберлік сабағы түріндегі көмек көрсету, ауданның білім беру саласындағы басшылары мен мұғалімдеріне ғылыми-практикалық семинарлар өткізу арқылы әдістемелік тәжірибе алмасу, ата-аналармен баланың мамандық таңдауына байланысты пікір алмасуларды жүзеге асыру, аудан жұртшылығымен тығыз байланыс орнату.
Жиында аудандық мәдениет үйінде мамандықтар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жас түлектерге дұрыс мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруге арналған «Білім апгрейді» , «Мамандықты дұрыс таңдайық» тренинг кеңестері өткізілді. Бұл шаралар одан әрі мектеп оқушыларының ата-аналарымен кездесу жиынына ұласты. Оған аудан басшылары да арнайы қатысты.
Жиында сөз алған Жарма ауданының басшысы, университет түлегі Жарқынбек Байсабыров шараның маңыздылығына тоқталып, университет делегациясына алғысын жеткізді.
Өз кезегінде Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков «Шәкәрім керуені» ең әуелі Жарма ауданында басталғандығын, алдағы уақытта Аягөз, Үржар, Көкпекті, Абай және т.б. аудандарында жалғасын табатындығын атап өтті.
"Бүгін біз Жарма ауданында үлкен жобаны бастағалы отырмыз. Ауылдың дамуы үшін жас мамандар болуы керек. Келесі сұрақ-түлектің өз мамандығын дұрыс таңдауы. Ата-аналар, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері – барлығы баланың мамандығын таңдауға үлес қосуы керек. Біз байқаймыз, тіпті ЖОО-да 4 жыл білім алған жастар да мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейді. Бұл олардың болашақ мамандықты дұрыс таңдамағанын нәтижесі. Сондықтан қалалар мен аудандар бойынша кәсіптік бағдар беру жұмыстары тек 11 сыныпта ғана емес, 8,9 сыныпта да басталуы тиіс", - деп ректор.
Аудан жұртшылығымен кездескен университет ректоры Бауыржан Ердембеков үздік деп танылған мектеп түлектеріне Шәкәрім грантын табыстады. Университетте білім алып жатқан жармалық үздік студенттердің ата-аналары да марапаттан тыс қалмады. Сонымен қатар университет түлектеріне алғыс хаттар табыс етілді. Білім ордамыздың халықаралық, республикалық байқауларының жеңімпаздары жармалықтарға мерекелік концерт сыйлады.
Жиында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Индира Оралканова «ЖОО түсу тәртібі: өзгерістер мен ескертпелер» тақырыбында баяндама жасады. Түрлі мамандықтың басын қосқан оқу орнының профессор-оқытушылар құрамымен, студенттері кәсіптік бағдар беруде білім беру бағдарламалары жайлы тың ақпарат ұсынып, Шәкәрім университетінің тарихына шолу жасады. Сондай-ақ түлектерге дұрыс таңдау жасауға бағыттап, кәсіби қызметке жеткізер оң жолды нұсқады.
Жиында делегация өкілдері жоғары оқу орны оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің бірлескен жұмысын жоспарлап, біліктілікті арттыру курстарын, шеберлік кластарын, тренингтерді, жетекші бизнес-тренерлермен және университет оқытушыларымен ашық практикалық сабақтарды ұйымдастыру мен өткізуді көздейді.