Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі11 сәуір 2024ұрпақтар сабақтастығы, ғылыми мектеп, ветеринария

SHAKARIM SCIENCE WEEK: ҒЫЛЫМИ МЕКТЕПТЕР ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Бүгін Ғылым апталығы аясында Shakarim University ветеринария ғылымының әртүрлі аспектілеріне арналған үш ғылыми мектептің салтанатты ашылу рәсімін өткізу арқылы болашақ зерттеулер мен инновацияларға жол ашты. Бұл маңызды сәт университеттің ғылымды дамытудағы маңыздылығын ғана емес, сонымен қатар 70 жылдық тарихы бар, жоғары білікті мамандарды дайындап келе жатқан ветеринария саласындағы ғылыми сабақтастықтың озық үлгісін айқындап берді. Білім ордасының Ғылыми кеңес шешімімен аталған ғылыми мектептер ашылды.
Университет профессорлары Зейнолла Тоқаев, Маратбек Искаков және Серғазы Дюсембаев – саналы ғұмырларын ұрпақ тәрбиелеу ісіне арнаған атақты қоғам қайраткерлері. Ветеринария мен ғылымды ұштастырып бүтін бір ұрпақты тәрбиелеген ғалымдардың мәуелі жемісі – бүгінгі ашылып отырған ғылыми мектептер. Жиынға университет басшылығы, ғалымдардың замандастары, профессор-оқытушылар құрамы, түлектер, зиялы қауым өкілдері мен білім алушылар қатысты.
Мектеп студенттер мен зерттеушілерге озық тәжірибелер мен технологияларға қол жеткізуге, сондай-ақ өз салаларындағы жетекші мамандармен бірлесіп зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Зерттеу мектебінің ерекшелігі – ұрпақтар сабақтастығында. Өйткені, ғылыми мектептердің жетекшілері – факультеттің кешегі студенттері мен Ғалымдардың шәкірттері болып табылады. Shakarim University ветеринария саласында жаңа белестерді бағындырып, аграрлық салада елеулі үлес қоса алатын білікті мамандарды даярлауға ұмтылып, білім мен ғылымды дамытудағы миссиясын жалғастыруда.
Бұдан бөлек, жиында «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» кафедрасының жас ғалымы Аманжан Нусуповқа «8D08201- Жануарлар туралы ғылым» ББ бойынша PhD доктор академиялық дәрежесі берілді. Шара «Абай облысындағы ара шаруашылығының өзекті мәселелері» облыстық ғылыми семинарымен жалғасын тапты.