Бүгін Шәкәрім университетінде Республика күніне орай мерекелік концерт өткізілді.
Мерекелік шараның шымылдығын ашқан университет ректоры Думан Орынбеков құттықтау сөз сөйлеп, профессор-оқытушылар құрамы мен барша әріптестерге жылы лебізін білдірді.
-25 қазан – қазақ елі үшін рухы аса биік, айрықша күн! Күні бүгінге дейін ана тілі мен отаншылдық, сапалы білім мен ғылым мәселелері өзекті. Осы орайда әрқайсымыз «мемлекет маған не береді емес, мен елім үшін не істей аламын» деген идеологиямен еңбек етіп, жастарды тәрбиелеуіміз қажет.
Осы ойды Шәкәрім университеті академиялық және ғылыми орда ретінде басты назарға алуы тиіс деп санаймын,- деді Думан Рымғалиұлы.
Салтанатты шарада білім ордасының профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері Қазақстан Республикасының ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік концертте өнерлі жастардың орындауында домбыраның сүйемелдеуімен халық әндері мен күйлері, сондай-ақ мың бұралған билері көрермен назарына ұсынылды. Арнайы дайындалған бағдарлама көптің көңілінен шықты. Тағылымды шара университеттің әнұранына айналған “Шәкәрім маршы” әнімен аяқталды.