Шәкәрім университетінде ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойы аясында «Адамдық борышың...» атты республикалық студенттік театр фестивалі өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған өнер бәйгесіне еліміздің барлық өңірінен 7 жоғары оқу орындарының театрлары өнер көрсетті. Олардың қатарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ», Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Үркер» және «Шың», «Тұран» университетінің «TeART», С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Ақ желкен», С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Шабыт», Қазақ спорт жəне Туризм университетінің «Руханият» студенттік жастар театрлары бар. Студенттер арасында бастау алған театр бәйгесіне білім ордасы тарапынан қомақты жүлде қоры бөлінді.
Алғы сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков өнер жарысы университеттер арасындағы ынтымақтастықты арттырып, жастардың дарынын ұштауға септігін тигізетінін ерекше атап өтті. Театр сыншылары мен өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы таңдалған тақырып, сахналық киім үлгісі, декорация, актерлік шеберлікті таразылап, үздіктерді анықтады.
Қазылар алқасының шешімімен келесі студенттік театрларына жүлделер табысталды.
1-орын – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Үркер» студенттік театры;
2-орын – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» студенттік театры;
3-орын – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Ақ Желкен» студенттік театры.
Номинациялар:
«Көрермен көзайымы» - Қазақ спорт және Туризм университетінің «Руханият» театры;
«Үздік режиссер» - С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Шабыт» театрының режиссері Хасенов Ертай;
«Үздік ер адам рөлі» - «Тұран» инновациялық-кәсіпкерлік университетінің «TeART» театрының актері Пірмағанбетов Мақсат;
«Үздік әйел адам рөлі» - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Шың» студенттік театрының актрисасы Дәулет Әйгерім.
3 күнге созылған өнер бәйгесіне көрермен ықыласы мен қатысушылардың ризашылығы ерекше болды. Фестиваль аясында жас өнерпаздар Ұлылар мекені, қасиетті Абай жеріне саяхаттап қайтты. Алғашқы рет ұйымдастырылған республикалық дода дәстүрге айналатындығына сенімді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас өнерпаздарды жеңістерімен тағы бір мәрте құттықтаймыз!