Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі01 қараша 2023ынтымақтастық, талқылау, мемлекеттік қызметшілер мектебі

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР МЕКТЕБІ АШЫЛАДЫ

Әлемдегі барлық елдердің даму жолында мемлекеттік қызметтің қосар үлес салмағы ерекше. Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру бағытын одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысы бірқатар бастамалар қабылдады. Соның бірі – «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасын қайта жандандыру. Осы ретте, бүгін Шәкәрім университеті мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі мемлекеттік қызмет үшін кадрлар даярлау. Тараптар меморандум аясында Шәкәрім университетінде «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасын іске асыру жолдарын қарастырады. Бүгінгі таңда Шәкәрім университетінде 9000-ға жуық білім алушы оқиды. Абай облысындағы іргелі ЖОО-ны республикаға білікті әрі бәсекеге қабілетті кадр дайындауда өз үлесін қосуда.
-Шәкәрім университеті мемлекетке бәсекеге қабілетті жастарды дайындау барысында алтын көпір болмақ. Себебі, біздің басты миссиямыз «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман, яғни, Абай аңсаған кемел тұлғаны қалыптастыру». Елге қызмет ету әркімнің өзіне жүктелген міндетті шынайы және адал орындауынан көрінеді. Сіздерге мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндіктер берілуде. Бірегей мүмкіндікті қалыс қалдырмай, ұтымды шешім қабылдауға шақырамын!- деді Басқарма төрағасы Думан Орынбеков.
Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Дәулетқалиев Нұрлан «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» аясында жастарға мемлекеттік қызмет деген не екенін, онда жұмыс істейтін қызметкерлерге қандай талап қойылатынын, қандай заңдарды білуі керек екендігі жайлы айтты. Департамент студенттерге базалық білім ғана беріп қоймайды, оқуды сәтті аяқтағандарға сертификат табыстайды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке кіргісі келетін мектеп түлектеріне жұмысқа орналасу барысында сүйемелдеу арқылы көмек көрсетеді.
Басқосуда мемлекеттік қызметті жаңғыртуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға байланысты маңызды тақырыптар айтылды. ҚР агенттігінің өкілдері өз тәжірибелерімен белсенді түрде бөлісіп, құнды білім мен озық жұмыс әдістерін берді. Олар мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға және қоғамның сенімін нығайтуға бағытталған жобалармен таныстырды.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының аға оқытушысы Алуа Сабалакова болашақ жас мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттері мен практикалық дағдыларын арттыру мақсатында басқарма жұмысымен таныстырып өтті.
Мұндай серіктестіктер мемлекеттік қызметті дамытудағы өзекті мәселелер мен міндеттерді шешуге қабілетті Абай өңіріне білікті кадрлар құруға ықпал етеді.