Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі20 қараша 2023кездесу, ынтымақтастық, мектеп түлектері, кәсіптік бағдар беру, ашық есік күні

SHAKARIM UNIVERSITY: АШЫҚ ЕСІК КҮНІНЕ 600-ГЕ ЖУЫҚ МЕКТЕП ТҮЛЕГІ ҚАТЫСТЫ

Өңірдегі кадрлар тапшылығын жою, білікті мамандар даярлау және мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру мақсатында бүгін Шәкәрім университетінде «Open day of Shakarim University» іс-шаралар кешені бастау алды. Білім ордасының оқытушылары Абай облысы мектептерінің 600-ге жуық оқушыларына сұранысқа ие мамандықтар туралы әңгімеледі.
Мектеп бітіруші түлектермен кездесу барысында университет ректоры Думан Орынбеков шараның негізгі мақсаты мен мамандық таңдаудың маңыздылығын жете түсіндірді.
«Көп жағдайда, біз арманымызды алыстан іздейміз, шетелге, үлкен қалаларға кетуді армандаймыз. Ол да дұрыс шығар, дегенмен, өз өңірінде білім алып, туған өлкеңе қызмет ету үлкен бақыт және парыз! Мен сіздердің асқақ армандарыңызға Шәкәрім университетімен бірге жетуге шақырамын», - деді университет басшысы.
Ашық есік күніне Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Руслан Емелбаев, ҰТО директоры орынбасары Ғазиз Досмухамбетов, Абай облысының мектеп түлектері, ұстаздар мен мектепте кәсіптік бағдар беретін профорентатор мамандары қатысты. Руслан Емелбаев тестілеудегі өзгерістер мен жаңалықтар, талаптар, шекті балл деңгейі тақырыптарында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бұдан бөлек, білім ордасы 70-тен астам кәсіптік бағдар беруші мамандарға мектептегі кәсіптік бағдар беруді ұйымдастырудың әдіснамасы тақырыптарында семинар-тренингтер өткізді.
«Open day of Shakarim University» шаралар легі – «Шәкәрім керуені» кешенді жобасының жалғасы. Былтырдан бері университет Абай облысының барлық аудандарын аралап, 3000-ға жуық бітіруші түлектермен кездесті. Мүмкіндігі шектеулі, түрлі байқаулардың жеңімпаздары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, толық емес отбасынан шыққан 42 мектеп түлегіне «Шәкәрім гранты» табысталған болатын.
Іс-шараның ашылуында университеттің өнерпаз студенттерінің концерттік бағдарламасы, белсенді жастардың креативті алаңдары мен факультеттердің жетістіктері ұсынылды. Сондай-ақ, «Сіздің университеттегі бір күніңіз» акциясының жеңімпаздары марапатталды.