Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі29 мамыр 2024наука, сотрудничество, делегация, рабочая поездка

Shakarim University делегациясы жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында

Shakarim University іскерлік байланыстарды нығайту мақсатында Шығыс Қазақстан облысына барды. Сапар аясында университет өкілдері "Восток-Молоко" корпорациясы және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде болды.
Алдымен оқу орнының өкілдері білім ордасының ұзақ мерзімді серіктесі болып табылатын «Восток-Молоко» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Делегация алпауыт сүт компаниясының материалдық-техникалық базасына, сүт өнімдерін өңдеудің заманауи технологияларына және өндіріс процесін ұйымдастыруға баса назар аударды. Кездесу барысында студенттердің практикалық дайындығын жақсартуға және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізуге бағытталған ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Кәсіпорын 2009 жылдан бастап "Азық-түлік өнімдерінің технологиясы" және "Биотехнология" ББ бойынша академиялық кеңестің құрамында. Алдағы ауыл және мал шаруашылығы саласында ынтымақтастықтың мүмкіндіктері қарастырылды.
Бұдан бөлек, екі серіктес те білім беру сапасы мен өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылым мен өндірісті интеграциялаудың маңыздылығын атап өтіп, олардың өзара іс-қимылының жемісті дамуына сенім білдірді.
Сапардың екінші бөлімінде жұмыс тобы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің өндірістік бизнес-процестерді цифрландыру жүйесі мен ғылыми әлеуетін көріп қайтты. Нақтылап айтқанда, университет әкімшілігі Лу Бань шеберханасының ғылыми-инновациялық экожүйесі туралы толық мағлұмат берді. Аталған шеберхана «Автомобильдердің инновациялық конструкциясы» және «Автомобильдердің SMART технологиясы» сияқты екі зертханадан тұрады. Орталықтың бір ерекшелігі – мұнда студенттер практикалық дағдыларды меңгеріп, автомобиль жүйелеріне симуляциялық сынақ жүргізе алады. Сондай-ақ орталықта электромобильдер мен гибридті көліктерге техникалық қызмет көрсету және диагностика жасау үшін жаңа технологияларды игеру ісіне айрықша мән беріледі.
Shakarim University Шығыс өңіріне жұмыс сапары салааралық ынтымақтастықты нығайтуда «Білім-Ғылым-Өндіріс» үш жақты байланыстың интеграциясын ұштастыруды көздейді.