Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі14 наурыз 2024білім, мектеп оқушылары, кәсіптік бағдар беру

SHAKARIM UNIVERSITY МАҚАНШЫ АУДАНЫНА КӨКТЕМ ШУАҒЫН СЫЙЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Ұлттық Құрылтайда Мақаншы ауданын қайта құру бойынша бастама көтерген болатын. Осы ретте, ғасырға жуық тарихы бар Shakarim University арнайы «Шәкәрім керуені» кешенді жобасы аясындағы сапарды қайта жанданған Мақаншы ауданынан бастады. Мақаншы жері – қазақтың дарабоз батыры Қабанбайдың ұрпақтары қоныстанған, Әсет пен Әріп сияқты ақын-әншілерді тарих сахнасына шығарған, жері шүйгін, құнары мол өңір. Осындай құтты өңірдің ел-жұртын білім ордасының делегаттары аудан мәртебесінің қайтарылуымен шын жүректен құттықтап қайтты.
Басты мақсат – «Мектеп-ЖОО» кластері аясында Абай облысы аудандарының мектептерімен ынтымақтастық байланыс орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, оқушыларға ерте кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру.
Аудан әкімі Дәурен Қойгелдин алғы сөзінде керуеннің маңыздылығына тоқталып, оқу орны делегациясына мазмұнды шараны арнайы өткізгені үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде Басқарма мүшесі - әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Мерей Шаменов өңір жұртшылығын айтулы белеспен құттықтап, керуеннің ең әуелі Мақаншы жерінде өтуінің символдық маңызы зор екендігін, бүгінде ЖОО өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтетіндігіне баса назар аударды.
Жиында Кәсіптік бағдар беру және қабылдау комиссиясы бөлімі басшысы Алия Омарова «ҰБТ-2024: жаңалықтар мен өзгерістер» тақырыбында түлектерге құнды ақпарат ұсынды. Түрлі мамандықтың басын қосқан оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері білім беру бағдарламалары жайлы тың ақпарат ұсынып, бейіндік пәндер бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Сондай-ақ, талапкерлерге «ProfUnit» мобильді тобының акциялары ұйымдастырылып, арнайы тартулар жасалды.
Shakarim University 150 мыңнан астам түлектердің альма-матері болып табылады. Шараның бірінші бөлімінде университетте білім алып жатқан мақаншылық үздік студенттердің ата-аналарына алғыс хат табысталып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, ауданның экономикасы мен руханияты үшін адал еңбек етіп, өз үлестерін қосып жүрген Шәкәрім университетінің әр жылдардағы түлектеріне де ректордың алғыс хаты жеткізілді. Жиын білім ордасының халықаралық, республикалық байқауларының жеңімпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.