Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі09 мамыр 2024жеңіс күні, ректор құттықтауы

Shakarim University ректорының құттықтауы

Қадірлі ардагерлер! Құрметті Шәкәрім шаңырағының профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері, студенттері, магистрант, докторанттары!

Сіздерді 9 мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – бейбіт өміріміз үшін қан майданда от кешіп, сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларымыздың ерлігі мен даңқының өшпес символы.

Ел тарихындағы ең ауыр жылдары халқымыз нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Екінші дүниежүзілік соғысқа миллионнан астам қазақстандық жауынгер аттанып, тең жартысы азаттық пен жеңіс жолында жандарын құрбан етті. Соғыс жылдарында 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. 

Қасиетті қара шаңырағымыздың түлектері мен қызметкерлері де қан майданның алдыңғы шебінде жүрді. Жоғары оқу орнының 60-қа жуық басшылары, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері - сұрапыл соғыс жылдарында өз Отанын фашистік басқыншылардан аман алып қалған біртуар батырлар. Тылдағы еңбек те ауыр болды, аналарымыз жанкешті еңбегімен ер азаматтарды жоқтатпай, шаруашылықтарды жүргізді, майданға көмек берді, балаларды асырады. 

«Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында» деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, соғысқа қатысқан әр жауынгер – Қазақстан халқына бейбітшілік пен тыныштық, береке мен бақыт сыйлаған ардақты жандар. Бүгінде санаулы қалған ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету – бүгінгі мен келер ұрпақтың өтелмес парызы. 

Осынау мереке күні баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Жеңіс күні құтты болсын! 

Елімізде бейбітшілік пен бірлік салтанат құрсын!

 

Құрметпен, Басқарма төрағасы – Ректор
Думан Орынбеков