Бүгін Шәкәрім университетінің "Қаракөз" студенттік театрының "Тағдыр ма? Әлде ..." спектаклінің премьерасы өтті.
Студенттік труппаның негізгі құрамында 30-дан астам өнерпаз бар. Жаңадан сахналанған қойылымға 20-ға жуық әртіс атсалысты.
Премьераның қоюшы-режиссері әрі авторы – Бектенов Ерғали Сәкенұлы.
«Біздің акт залының жаңа сахнасында алғаш рет өнер көрсеткен "Қаракөз" студенттік театры болғанына қуаныштымын. Студенттер оқу жылдарында білікті маман болып қана қоймай, әртүрлі бағыттарда жан-жақты дамуы керек. Студенттік театрымызға сәттілік тілеймін!», - деді университет басшысы Бауыржан Ердембеков.
Ерғали Сәкенұлының айтуынша, психологиялық драма жанры жайдан жай таңдалған жоқ. Өкінішке орай, көптеген жастар арасында жаман әдетке әуесқойлар бар. Жат әдетке қарсы күрес жүргізу, оның алдын алу біздің қолымызда. Жаңа дәуірде елімізге қызмет ету үшін жігерлі, денсаулығы мықты ұрпақтарымыз көп болуы тиіс.
- Жаңа форматтағы театр болғандықтан, біз маңызды тақырыптарды таңдадық. Біздің спектакль – жеке өмір ережелерін бағалауға талпынудың дәлелі. Кемшіліктері жоқ адамдар болмайды, бұл кемшіліктерді қоғам қабылдамауы да мүмкін. Жастарға қойылым арқылы жаман әдеттерден аулақ болу керектігін көрсеткіміз келді», - дейді қоюшы режиссер.