Шыңғыстау – қазақтың рухани ордасы. Қаймағы бұзылмаған қазақылық қалпын сақтаған өңірге Шәкәрім университетінің делегациясы "Шәкәрім керуені" кешенді жобасы аясында жұмыс сапарымен келіп қайтты.
Бас қосуға университет басшылығы, Абай ауданы әкімдігі, білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздары және мектеп түлектері қатысты.
Сапардың бірінші бөлімінде алғы сөз сөйлеген Абай ауданының әкімі Нұржан Абдыкаримов керуеннің маңыздылығына тоқталып, университет ұжымына алғысын білдірді.
– Киелі қара шаңырақтың сапалы маман даярлауда үлесі зор. Бұның бір ғана дәлелі – Абай ауданында қызмет атқарып, өңіріміздің әлеуетін күшейтуге үлес қосып келе жатқан тұлғалардың 80% киелі Шәкәрім университетінің түлектері, - деді аудан әкімі Нұржан Оразбекұлы.
Өз кезегінде университет басшысы Бауыржан Ердембеков "ЖОО-МЕКТЕП" класстері аясындағы байланыс жайлы сөз етті.
- Былтырғы жылдың қазан айынан бастап осы уақытқа дейін облыстың барлық ауыл-аймақтарын аралап келеміз. Керуеннің басты міндеті ЖОО мен мектеп, соның ішінде ауыл мектептерімен байланысты күшейту, мектеп директорлары мен мұғалімдердің біліктілігін көтеру. Осы тұрғыда ауылдың дамуы үшін не істеу керек деген сауал туындайды. Өз ауылына, өз туған жеріне қызмет ететін жастарды тәрбиелеу қажет және жалындаған жас мамандарды тарту керек.Келесі маңызды сұрақ – түлектің өз мамандығын дұрыс таңдауы. Осы тұрғыда түлектер ең бірінші ата-аналардың және пән мұғалімдері, сынып жетекшілерінің пікіріне құлақ асады. Яғни олар қандай мамандықтар сұранысқа ие, жалақысы жоғары сынды мәселелерде аса сауатты болуы қажет.Тағы да бір ойландыратын мәселе – ауыл мектептерінің жағдайы. Бұл ретте еліміздің алтын арқауы саналатын ауыл мектептерін жетілдіруіміз керекпіз, яғни, ауыл мектептеріне ғылымды әкеліп, бірлескен ғылыми-әдістемелік құралдар жазуымыз тиіс. Әр сапарымызда осы мәселелерге көңіл бөлудеміз және мазмұнына аса назар аударамыз. Осы сапарға ерекше салмақ қосқан "Ұлттық тестілеу орталығының" директоры Руслан Емелбаевтың қатысуы. Құрметті мектеп түлектері, болашақ студенттер! Біз үлкен құраммен сіздердің сауалдарыңызға жауап беру үшін келдік,- деді Бауыржан Аманкелдіұлы.
Сапар барысында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мектеп түлектеріне мамандық таңдау бағытында кеңес берді. Тестілеудегі өзгерістер мен талаптар, жаңашылдықтар, шекті балл деңгейі тақырыптарында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Ауыл мен ЖОО байланысы – білім саласындағы өзекті факторлардың бірі. Шәкәрім университетінің "Шәкәрім керуені" жобасы шалғайдағы ауыл мектептеріне үлкен мүмкіндік береді. Сіздердің сауалдарыңызға жауап беру үшін арнайы келдім. Шәкәрім шаңырағының басшылығына зор алғысымды білдіремін,- деді Руслан Тоқтарбекұлы.
Абай ауданының мектеп түлектеріне ҰБТ-дағы бейіндік пәндері бойынша шеберлік сабақтар, «Мамандықтар жәрмеңкесі», «Білім апгрейді», «Мамандықты дұрыс таңдайық» тақырыптарында тренинг-кеңестер ұйымдастырылды. Сонымен қатар аудан мұғалімдеріне ғылыми-практикалық семинарлар, кәсіптік бағдар беруші мамандарға мектептегі кәсіптік бағдар беруді ұйымдастырудың әдіснамасы тақырыптарында тәжірибелік семинарлар, мамандық таңдауға байланысты ата-аналармен, мектеп бітіруші оқушылармен пікір алмасулар жүргізілді.
ЖОО мен түлектердің, бүгінгі шәкәрімдік жастардың ата-аналарымен өзара байланысын жандандыру мақсатында аталған ауданның дамуына үлес қосқан Шәкәрім түлектеріне, озат шәкәрімдік студенттердің ата-аналарына алғыс хаттар табысталды.
«Оқуға құштар мектеп» жобасын қолдау мақсатында аудан мектептерінің кітапхана қорына Басқарма төрағасы, абайтанушы, профессор Бауыржан Ердембековтың «Абайтану» кітабы сыйға тартылды.
Мүмкіндігі шектеулі, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және толық емес отбасынан шыққан түлектерге, түрлі байқаулардың жеңімпаздарына «Шәкәрім гранты» табыс етілді.
Сапар соңында жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында аудандық білім бөлімімен меморандумға қол қойылды. Бас қосуда мектеппен байланыстың кешенді жоспары талқыланды. Ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойына байланысты бірлескен шараларды өткізу назарға алынды.
"Шәкәрім керуені" Абай ауданындағы сапарын сәтті тәмамдап, Бородулиха, Бесқарағай аудандарында жалғастыруды жоспарлауда...