Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі08 наурыз 2023құттықтау, 8 наурыз, мерекелік концерт

ШӘКӘРІМНІҢ ШУАҚТЫ АРУЛАРЫ ҚОШЕМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Нәзіктікте күш бар. Ол – сұлулық. Қыс қаһарын басатын да сол Ару Көктемнің сұлулығы. Мойындағысы келмей сіресіп бағатын тоңды да шуағымен жібітетін сол күш. Сондай күндердің бірі 8 НАУРЫЗ - адамзаттың нәзігі СҰЛУ ЖАНДАРҒА арналған.
Болашаққа қадам басар шәкірттерге білімі мен парасатын арнаған нәзік жандардың еңбегін бағалау – қоғам парызы.
Жұмыс күнінің соңында университетімізде ұйымдастырылған мерекелік шара сол парызды мақсат етті.
Кешті тамашалуға келген барша аналар мен аруларға ерекше құрмет көрсетіліп, университеттің ер азаматтары гүл шоқтарын таратты.
Мерекелік шараның құттықтау сөзі университет басшысы Бауыржан Ердембековке берілді. Бауыржан Аманкелдіұлы университеттің барлық ер азаматтары атынан әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, қоғамдағы қазақ қызының, Әйел-Ананың, ақ жаулықты асыл әжелердің орнын айшықтады.
- Қазақ халқы қашанда қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Қыз тәрбиелей отырып – ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Ол – отбасының алтын діңгегі. Университетімізде білім алушылардың 70 пайызы қыз балалар. Осы жас бойжеткендер ертеңгі қазақ елінің бесігін тербеп, болашағын бағамдайтын бала өсіріп жатса, университет миссиясының бір тармағы орындалғаны,- деді Бауыржан Аманкелдіұлы.
Салтанатты шарада университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларының әсем әндері мен қойылымдары көрсетілді. Оқу орны оқытушылары мен қызметкерлерінен құралған «Қайдасың, 40?» КВН командасы, «Қаракөз» студенттік жастар театры, «Аккорд» вокалды ансамблі, «Жігіттер» ансамблі, «Құрдастар», «Инструменттік ансамбль» мен «Шәкәрім студенттік филармониясы» этно ансамблдері өнер көрсетті. Сондай-ақ, мерекелік концертте «Айдана» би ансамблінің өнерлі тәлімгерлері тамаша билерін көрермен қауымға ұсынды.
Шара Шәкәрім шаңырағының рухына айналған «Шәкәрім маршы» әнімен аяқталды.
Құрметті Шәкәрімнің шуақты Арулары, мерекелеріңіз құтты болсын!