Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері мен кәсіпкерлер Шәкәрім шаңырағында бас қосты. Жемқорлықты болдырмау және оның алдын алуға арналған әрбір іс-шара мақсатты болып келеді. Осы мақсатта, бүгін Шәкәрім шаңырағында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет полковнигі Ахметжанов Саян Қылышұлы кәсіпкерлер мен аймақтық қоғам өкілдерімен кездесу өткізді.
Сонымен қатар, кездесуге Абай облысы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысының бірінші орынбасары Тоқбергенов Рүстем Тасанбиұлы, Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ворошилов Рүстем Нураллиевич, Абай облысы әкімі аппаратының басшысы Сәрсебаев Жасұлан Бирликович, "Атамекен" ҰКП Абай облысы бойынша филиалының басшысы Жүрсінбаева Әлия Болатқызы қатысты.
Шәкәрім шаңырағына келген қонақтар алдында университет ректоры, профессор Ердембеков Бауыржан Амангелдіұлы сөз сөйлеп, білім алушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру, оқытушылар мен қызметкерлердің парасаттылық мәдениетін ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жүйелі жолға қойып отырғандығына тоқталды.
"Университеттегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әрекет етудің бірнеше бағыттары бар. Шешімдердің алқалы қабылдануы, академиялық қызметтердің цифрландырылуы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасының, комплаенс қызметінің «Саналы ұрпақ» студенттер қауымдастығының құрылуы, осы бағытта арнайы мониторингтің жүргізілуі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының қабылдануы, антиплагиат бағдарламасының енгізілуі, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірнеше мәрте кездесулер, «Адалдық сағаттардың» өткізілуі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру саласында жобалар конкурсының ұйымдастырылуы саналы ұрпақ үшін жасалып жатқан игі істердің бірі. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру" - деді Басқарма Төрағасы-ректор Б.Ердембеков.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы С.Қ.Ахметжанов бизнесті қорғау жобаларының іске асырылуы, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруда ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы баяндады. Ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда цифрландырудың маңызы зор екендігін айта келіп, бұл саладағы Шәкәрім университетінің ашықтық қағидаттарын ұстанудағы жетістіктерін мысал етті.
Кездесуге қатысып отырған кәсіпкерлер өз тараптарынан сұрақтар қойып, оң жауаптар алды.