24 ақпан күні облыс ветеринарлары, аудандық ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары мен сала мамандары Шәкәрім университетінде бас қосты. «Агротехнопарк» ғылыми орталығының ұйымдастыруымен өткізілген семинар ветеринариядағы тәжірибенің, теорияның және ғылымның заманауи жетістіктерінің өзара байланысын жаңартуды көздейді.
Шара барысында облыстағы қазіргі эпизоотиялық жағдайды қамту, жануарлар аурулары мәселесін шешудің негізгі принциптерін, әдістері мен құралдарын жаңарту жолдары қарастырылды.
Семинар ҚР ауыл шаруашылық министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті “Республикалық эпизоотияға қарсы отряд” Республикалық мемлекеттік мекемесі Шығыс Қазақстан облысы филиалының маманы Б.Рымбаевтың баяндамасынан бастау алды. Бейсенғазы Орынханұлы жалпы өңірімізге қарасты аудандардағы ветеринариялық қызметтің деңгейін сөз етті. Облыс аудандардағы бруцеллез ауруына қарсы атқарылып жатқан ветеринариялық іс-шаралардың орындалу барысын бағамдады. Аудандар бойынша таралған бруцеллез, туберкулез сынды жұқпалы аурулардың алдын алу, ірі қара және ұсақ малдарды вакцинациялау мәселелері айтылып, республика деңгейде енгізілген заңнама өзгерістері талқыланды.
Биылғы оқу жылында «Ветеринариялық санитария» және «Ветеринарлық медицина» білім беру бағдарламалары бойынша 110 студент оқуын тәмамдайды. Қазіргі кезде елімізде мал шаруашылығы саласы бойынша білікті мамандар тапшы. Сондықтан қалыптасқан жағдайда білім беруді тек теориялық тұрғыдан ұйымдастыру жеткіліксіз, яғни жас маманның өндірістік машықтанудан толық кәсіптік деңгейге шығуына жағдай жасау өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда семинар аясында білім алушылардың өндірістік және дипломалды тәжірбиелерден өтуін ұйымдастыру ісі алға тартылды. Шәкәрім университетінде жүзеге асырылып жатқан “ЖОО - бір ғалым - бір қожалық” жобасы аясында шаруа қожалықтарымен дуалды білім беру тәжірибелерін нығайту бағытындағы ұсыныстар сараланып, бірлесіп атқаратын жұмыс жоспарының мазмұны қарастырылды.