Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі29 ақпан 2024мектеп оқушылары, ғылыми семинар

ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ҒЫЛЫМДАРЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ЗАМАНАУИ ТЕНДЕНЦИЯЛАР

Мектеп оқушыларының ғылыми зерттеулерге қызығушылық танытып, жаратылыстану саласындағы білімдерін тереңдетуге ұмтылатындығы байқалуда. Осы орайда Shakarim University Жаратылыстану-ғылыми пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен “Жаратылыстану ғылымдарын зерттеудегі заманауи тенденциялар” тақырыбында практикалық семинар өткізді.
Аталған семинарға университет басшылығы, жас ғалымдар, мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты. Семинар мақсаты жаратылыстану ғылымдары бағытында зертханалық жұмыстардың заманауи тенденцияларын қолдана отырып, мектеп пен ЖОО арасында ғылыми коллаборация орнату. Діттеген мақсат жолында өткізілген семинар барысында “оқушы - студент - жас ғалым” теориясы қарастырылды.
Шарада қауымдастырылған профессор м.а., PhD Ақгүл Рахимжанова «Жаратылыстану бағытында: жобалық және ғылыми эксперименттік зерттеу», «Ы. Алтынсарин атындағы №37 гимназия» биология пәні мұғалімі, зерттеуші Еркеш Чакеева «Мектептерде тереңдетіліп оқытылатын жаратылыстану бағытындағы пәндердің университеттегі ғылыммен ұштасуына мүмкіндіктер жасау» тақырыбында баяндама жасады.
Жиын барысында мектеп оқушылары “Радиоэкологиялық зерттеулер” ғылыми орталығындағы жұмыс барысымен танысып, өз қызығушылықтарын арттырды. Нақтырақ айтқанда, осы практикалық семинарда 7 сынып оқушылары өздерінің алғашқы биохимиялық зерттеулерін, яғни өсімдік экстрактындағы макроэлементтерді жалын фотометрі құрылғысымен анықтады.
Мұндай іс-шаралар жастар арасында ғылымды зерттеуге деген талпынысты ынталандырады және елдің ғылыми әлеуетін дамытуға ықпал ететіні сөзсіз.
Ғалымдармен қарым-қатынас жасау және ғылыми жобаларға қатысу оқушыларға қазіргі ғылымның қалай жұмыс істейтінін түсінуге көмектеседі. Нәтижесінде, оқушылар мен білім ордасы арасындағы байланыс орнату өңірде дарынды ғалымдардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етпек.