Шәкәрім университетінде «Желтоқсан – тәуелсіздік рухы» атты танымдық әдеби-сазды кеші өтті. Кешке университет басшылығы, ардагер ұстаздар, профессор-оқытушылар құрамы мен құрылымдық бөлім қызметкерлері қатысты.
Шарада сөз сөйлеген Басқарма төрағасы – Ректор Бауыржан Ердембеков айтулы күннің ұрпақ жадында мәңгі сақталып, оны қастерлеу бүгінгі ұрпақтың еншісінде екендігін тілге тиек етті.
-Бұл күн қазақ жастарының ұлттық рухы оянған күні. Неше ғасыр бодандықтың қамытын киген, тәуелділіктен әбден мезі болған қаймана қазақтың аттандап алаңға шыққан күні, тәуелсіз ел болуға ұмтылған күні. Бүгінгі қоғам біздерге үлкен міндеттер артуда. Күннен күнге білім мен ғылымның нарқы өсуде. Біздің, яғни, Шәкәрім шаңырағының негізгі миссиясы тағы да қайталап айтамын тәуелсіз елдің кемел адамын қалыптастырып шығару. Ол үшін бізге ауызбірлік керек, ынтымақ керек, Абай айтқандай ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек керек,- деді ректор.
Жиын университетіміздің 2007 жылғы түлегі, халықаралық байқаулардың лауреаты Серәлі Мұхамедсадықовтың поэзиясымен басталды. Университет білім алушыларынан жасақталған оркестерде «Адай», «Ата толғауы» күйлері орындалды. Сондай-ақ, «Қаракөз» студенттік жастар театрының «Желтоқсан» көрінісімен жалғасты.
Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!