05 february 2025

“Абайдың «Толық адам» ілімі және Маслоу пирамидасы” атты тренинг

Shakarim University Абайдың 180 жылдығына арналған “Abaistream” фестивалінде психологиялық тренинг өткізді. 2025 жыл 17 қаңтар – Shakarim University Психологиялық қолдау қызметінің басшысы, профессор Ш.Сатиева ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Abaistream» фестивалі аясында “Абайдың «Толық адам» ілімі және Маслоу пирамидасы” атты тренинг өткізді. Тренинг Абай мұрасын жастар арасында дәріптеуге және қазіргі заманғы психологиялық біліммен ұштастыруға бағытталды. Тренинг барысында қатысушылар Абайдың «Толық адам» ілімінің негізгі идеяларымен танысып, оның адамгершілік құндылықтарға, ақыл-ой, қайрат және жүрек бірлігіне негізделген тұжырымдарын талқылады. Профессор Ш.Сатиева қатысушыларға Абай ілімін Маслоудың қажеттіліктер пирамидасымен салыстыра отырып, адамның рухани және кәсіби дамуындағы өзара байланысты түсіндірді. Интерактивті сессиялар, топтық жұмыстар және практикалық жаттығулар арқылы қатысушылар өзін-өзі тану, мақсат қою, және жеке қасиеттерін дамыту жолдарын қарастырды. Тренингке қатысушылардың пікірінше, Абайдың мұрасы қазіргі заманда да өзектілігін жоғалтпаған, ал тренинг осы мұраны тереңірек түсінуге және өмірде қолдануға көмектеседі. “Абайдың мұрасы – біздің рухани байлығымыз. Осы тренинг арқылы біз жастарға Абайдың даналығын жеткізіп, олардың өзін-өзі дамытуына және қоғамға пайдалы болуына ықпал еткіміз келді”, – деді профессор Ш.Сатиева.Тренингке қатысушылар жаңа білім мен тәжірибе алып, өздерінің жеке даму жоспарларын құруға шабыт алды.