Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі17 қазан 2022профсоюз, кәсіподақ мәртебесі

КӘСІПОДАҚ – СЕНІМГЕ ТІРЕК, ҚОРҒАНЫСҚА КЕПІЛ!

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында кәсіподақ мүшелеріне үлкен міндет жүктеді. Жолдауда қарапайым еңбек адамына үнемі құрмет көрсетіп, олардың әлеуметтік жағдайын нығайтуға атсалысу керек екенін баса айтты. Мұндай игі істен Шәкәрім университетінің кәсіподақ ұйымы да шеткері қалмасы сөзсіз.
Бүгін Шәкәрім университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымы кезекті мерекелік шарасын өткізді.
Шарада алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков кәсіподақтың еңбеккер мен жұмыс берушілер арасында туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуде аянбай еңбек етіп келе жатқандығын тілге тиек етті.
"Шәкәрім шаңырағында кәсіподақ мүшелерінің құрамы 70 пайызды құрайды. Кәсіподақ мүшелері университет өмірінің әр саласындағы істерге тартылып белсенділік танытуда. Кәсіподақ - ұжымда қызмет етіп жүрген әрбір жанның мүддесін қорғайтын ұйым. Соның бір ғана дәлелі университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы оқытушылар мен қызметкерлерді аттестаттау және барлық деңгейдегі конкурстық комиссиялардың тұрақты мүшесі. Барлық алқалық ұйымдарда мүшелік етеді", – деді Бауыржан Аманкелдіұлы.
Жиында сөз алған Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Қарлығаш Құрмамбаева алқалы органның қара шаңырақтағы рөлі мен маңызына тоқталып, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап атқарылған негізгі іс-шараларды баяндады. Сондай-ақ университет басшылығына көрсетіліп жатқан қолдауына алғысын білдірді.
Шара барысында қарашаңырақта ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек еткен ұстаздар ұлықталып, құрметке бөленді. Республика, облыс көлемінде өткізілген жұмыстарда белсенділік танытып жүрген профессор-оқытушылар құрам мен қызметкерлерге алғыс хат табыс етілді. Атап айтқанда, Ольга Заяковская, Серік Тусупов, Кульсара Нуржанова, Ғалия Бейсембаева және Гүлнар Жумадилова облыстық кәсіподақ ұйымының құрмет грамотасымен марапатталды.
Еселі бақыт - еңбекте демекші, Кәсіподақтар күні мерекесі құтты болсын! Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!