Бүгін Шәкәрім университетінде жыл сайын өткізілетін «ШӘКӘРІМ оқулары» облыстық конференциясы өтті. Конференция ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Осымен 7 рет өткізілген «Шәкәрім оқуларына» абайтанушы , шәкәрімтанушы ғалымдар, Семей және Аягөз қалаларының, Бородулиха, Жарма, Аягөз аудандарының 22 мектебі мен 8 колледжінен 130-дан астам жоғары сынып оқушылары қатысты.
Ғылыми ізденістерді жүргізу, конференцияларда, конкурстарда сөз сөйлеу, өз жетістіктерін көрсету – мұның бәрі оқушылардың дербестігі мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға, жылдам тіл табысуға мүмкіндік беретін сөзсіз.
Алғы сөз сөйлеген университет басшысы Бауыржан Ердембеков оқу орнының аймақтағы мектептермен және колледждермен тығыз ынтымақтастық орнатып келетінін, оқушылардың ғылыми үйірмелердің мүшелері болғандығы қуантарлық жағдай екендігін тілге тиек етті.
« «Шәкәрім оқулары» – облысымыздағы Ғылым апталығының бастауы. Әрбір білім алушы Шәкәрімнің үш анығын білуі тиіс. Ақын кітаптың шымылдығын: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді... Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан – дегеніміз ынсап, әділет, мейірім», – деген сөзбен ашады. Сол себепті де шараның жаңадан жасақталған «Үш анық» конференц-залында өтуі заңдылық деп білемін. Бүгінде шәкәрімтану мәселесі әлі де толыққанды зертелмеген. Білім алушылар тың тақырыптарды ұсынады деген ойдамыз. Себебі, ортамызда атақты шәкәрімтанушылар, басқа да ғалымдар отырғанына кәміл сенімдімін. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін»!- деді Бауыржан Аманкелдіұлы.
Шарт бойынша конференцияның бірінші кезеңі мектептер мен колледждерде өтті. Қатысушылар екінші кезеңде инженерлік, физика-математикалық, жаратылыстану, педагогикалық, экономикалық, гуманитарлық және филология ғылымдары бойынша өзіндік ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерімен таныстырды.
Айта кетерлігі, конференцияға 2016-2022 жылдар аралығында барлығы 1500-ден астам шәкәрімтанушы жас ғалым қатысты. Бұдан бөлек, былтырғы жылмен салыстырғанда колледж студенттері аталған байқауға белсене қатысуда.
Конференция соңында жеңімпаздар дипломдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Секцияларда өз баяндамаларын ұсынған барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.