Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі08 сәуір 2024ғылым, неделя науки, серіктестік

SHAKARIM SCIENCE WEEK: ҒЫЛЫМ АПТАЛЫҒЫ БАСТАУ АЛДЫ

Бүгін Shakarim University Ғылым апталығының ашылуы аясында “Ғылымды қажетсінетін өндіріс - Абай облысын дамытудың негізі" тақырыбында облыстық meetup өткізді. Апталық дәстүрлі түрде 12 сәуір – Ғылыми қызметкерлер күніне орай ұйымдастырылды. Іс-шара "SHAKARIM EXPO-2024" қала кәсіпорындарының қатысуымен ғылыми жетістіктер көрмесінен басталды. Ғылым апталығының ашылу рәсіміне Абай облысы әкімдігі, университет басшылығы, әлеуметтік серіктестер, қала мектептері, облыстық мұражайлар өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.
Meetup аймақтағы ғылыми және технологиялық прогрестің болашағын бірге талқылайтын жетекші ғалымдарды, оқытушыларды, студенттерді, жергілікті билік пен бизнес өкілдерін жинады. Атап айтқанда, Абай облысы әкімдігі, "EMC" ЖШС, "Семей инжиниринг" АҚ, "Қазақ ғылыми-зерттеу институты, Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі институты" ЖШС, "Спектромарт" ЖШС өкілдері қатысты.
Шара Абай облысының ғылыми қоғамдастығы мен өнеркәсіптік секторы арасындағы диалогты ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған. Бұған дейін білім ордасы «өндіріс-ЖОО-билік» өкілдерінің басын қосып, диалогтық алаң өткізген болатын. Жиында ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді өндірістік процестерге интеграциялау мәселелеріне ерекше назар аударылды, бұл өңірдің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық дамуын арттырудың негізгі кілті. Агрономия, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу саласындағы инновацияларды қоса алғанда, ғылымды қажетсінетін өндірісті дамытуға байланысты маңызды мәселелер айтылды.
Мәселен, Абай облысында 2025 жылы ірі ет комбинатын іске қосу жоспарлануда. Кәсіпорын өнімді экспортқа және ішкі нарыққа жеткізетін болады. Аталған кәсіпорын өкілдері университетпен бірлескен ғылыми-зерттеу инновацияларын, ветеринария саласы бойынша қайта даярлау курстарын өткізуге ниетті екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, ғылыми жетістіктерді өндіріске тиімді енгізу үшін университеттік зертханалар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайту қажеттігін баса айтты.
Shakarim University meetup Абай облысының тұрақты дамуы үшін ғылымды қажетсінетін өндірістің маңыздылығын көрсетті. Іс-шара өңірдің ғылыми зерттеулер мен инновациялар саласындағы әлеуетін ашып, академиялық сектор, бизнес және билік арасындағы серіктестікті нығайтуға ықпал етті. Қатысушылар ғылымды қажетсінетін өндірісті жандандыру өңірдегі экономикалық өсу мен өмір сүру сапасын арттырудың драйвері болатынына сенім білдірді. Іс-шара университеттің, өнеркәсіп пен биліктің бірлескен күш-жігері Абай облысының экономикасы мен әлеуметтік саласына айтарлықтай оң өзгерістер әкелуі мүмкін екенін айқындады.
Ғылым апталығы қазіргі заманғы университеттің дамуы үшін өте маңызды. Іс-шаралар студенттерге ғылыми-зерттеу жұмысына кіруге, ғылыми мектептердің дамуындағы сабақтастықты қамтамасыз етуге, үздік дәстүрлерді инновациялармен үйлестіруге көмектесері анық. Ғылым апталығы аясында ғылыми мектептер ашу, семинарлар мен тренингтер, конференциялар, шеберлік сыныптары мен экскурсиялар ұйымдастыру жоспарлануда.