Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі09 ақпан 2022спартакиада, открытие

ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫНДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ СПАРТАКИАДА ЖАЛАУЫН КӨТЕРДІ

Салауатты өмір салтын насихаттаудың бір бағыты - университет оқытушылары, қызметкерлері және білім алушылары арасында спорттық іс-шаралар ұйымдастыру. Шәкәрім университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін спартакиада биыл да өз жалауын көтерді.
 Салтанатты шараға университет басшысы Б.Ердембеков, Басқарма мүшелері, факультет декандары және оқытушылар қатысты. Ректор спорттық шара университет оқытушылары мен қызметкерлерінің рухын көтеріп, бірлесе жұмыс істеуге сеп болатынын атап өтті.
 Былтырғы оқу жылынан бастап спартакиада қатысушыларына арнайы жүлде қоры тағайындалған болатын. Өткен жылдағы жүлде қорының соммасы 250.000 теңгені құраса, биыл 1.000.000 теңге болмақ.
Ағымдағы жылы спорттық шараның ұйымдастырылу мерзімі стандартты бір аптадан бір айға ұзартылды. Спартакиада ақпан айының 1 жұлдызынан наурыз айының 1-не дейін жалғаспақ. Сондай-ақ, спартакиада мазмұнындағы спорт түрлері 7-ден 9-ға арттырылды. Атап айтқанда, оқытушыларымыз футзал, волейбол, баскетбол, тоғыз құмалақ, үстел теннисі, шахмат, дартс, бадминтон, тир ату сияқты спорт түрлерінен бақ сынасуда.
7 спорттық сайыс топтық түрде өтсе, қалған 2 түрінен (дартс, тир ату) жекелей сайыс түрінде өтуде.
Спорт бәсекесінде барлық құрылымдар қамтылды, 7 команда, әр команда 28 ойыншы, барлық жиыны 189 әріптесіміз өзара жарысқа түсуде (Ректорат, Филология факультеті, Гуманитарлық-экономика факультеті, Инженерлік-технологиялық факультет, Жаратылыстану-математика факультеті, Ветеринария және агроменеджмент факультеті, Шәкәрім жоғары колледжі).
Жарыс қорытындысы бойынша жеңіске жеткен командалар арнайы марапаттарға ие болады.
Бүгінгі шағын футболдан өткен финалдық кездесу нәтижелері мынадай:
1-орын - Ректорат құрамасы
2-орын - ЖМФ құрамасы
3-орын - ИТФ құрамасы
Шәкәрім шаңырағында өтетін дәстүрлі спартакиада биыл Бейжің қаласындағы ХХIV Қысқы олимпиада ойындарымен бір мезгілде ұйымдастырылып отыр. Аспан асты елінде өтіп жатқан дүбірлі додаға елімізден 34 спортшы қатысуда, олардың ішінде жерлесіміз, университетіміздің түлегі, биатлоннан Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері Галина Вишневская-Шепоренконы ерекше мақтанышпен атап өткіміз келеді.
Қысқы олимпиадаға қатысушы барлық спортшылар мен Галинаның қанжығаларын алтын медальдармен майлап, Ел мерейін арттыруларына тілектеспіз!