Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі30 қараша 2023гендерлік зорлық-зомбылық, кейс-чемпионат

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ГЕНДЕРЛІК ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КЕЙС-ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ

Бүгін Шәкәрім университетінде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-әрекет» шеңберінде кейс-чемпионаты өтті.

 

Әйелдер мен қыздарға қатысты гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік іс әрекет жыл сайын 25 қараша - Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күнінен бастап, 10 желтоқсан- Халықаралық адам құқықтары күніне дейін өткізілетін науқан болып табылады. Науқанның негізгі мақсаты – қоғамдағы әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және сол зорлық-зомбылықты түбімен жою.

 

16 күннің ішінде қоғам белсенділері, жергілікті қауымдастықтар және ұйымдар гендерлік зорлық-зомбылық мәселесіне назар аударып, гендерлік теңдікті қолдау арқылы көптеген мәселелерге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.

 

Іс-шараны алғы сөзімен бастаған PhD доктор, қауымдастырылған профессор, Абай облысы бойынша Қазақстанның әйелдер күші Альянсының мүшесі Арайлым Оразғалиева аталған кейс-чемпионатының маңыздылығын атап өтті.

 

Жиынға Семей қаласы маслихатының депутаты, әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрайымы, «Семей Хиросима» қоғамдық қорының құрылтайшысы Шолпан Молдағалиева, Латвия Республикасының ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Ирина Мангуле, «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» ЖҚ Абай облыстық филиалының төрағасы Темірлан Бақтияров, Әлеуметтік мониторинг және болжау орталығының жетекшісі, п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Назигүл Ғазизова және Халықаралық ынтымақтастық орталығының координаторы Ерғали Байльдинов қатысты.

 

Чемпионатқа қатысуға ниет білдірген командалар қатарында Шәкәрім университеттің 5 факультеті және Семей медицина университетінің білім алушылары бар.

 

Шара барысында әр команда регламент бойынша презентацияларын таныстырды және мәселені шешудің түрлі жолдарын ұсынды.

 

Кейс-чемпионатының қорытыңдысы бойынша үздік атанып, 1-орынға ие болған  Филология факультетінің командасы топ жарды. Екінші орынды Ветеринария және агроменеджмент факультеті, ал үшінші орынды Гуманитарлық-экономика факультетінің білім алушылары иеленді.

 

Шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар, ал жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Гендерлік теңсіздіктің жеке адамдарға және жалпы қоғамға таралуы мен әсері туралы жастардың білімін арттыру мақсатында өткізілген іс-шара жастардың сауаттылығын ашып қана қоймай, аталған мәселеге тосқауыл болатын шараларды күшейтуге ат салысатынына сеніміміз мол.