Жаңалықтар 12.12.2025 65

SmartFinance Expo 2026: жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер талқыланған форум

SmartFinance Expo 2026: жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер талқыланған форум

Шәкәрім университетінде «SmartFinance Expo 2026: Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіндегі бағдарлау» форумы өтіп, өңір кәсіпкерлері, мемлекеттік орган өкілдері, кәсіби бухгалтерлер, экономистер мен жас мамандар бір алаңда бас қосты. Іс-шараның мақсаты – 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерді кәсіби деңгейде талқылау және олардың практикалық қолдану тетіктерін түсіндіру.

Форумның ашылуында ұйымдастырушылар жаңа кодекстің бизнеске, мемлекеттік басқаруға және қаржылық секторға әсерін талдау қажет екенін атап өтті. «Салықтық нормалар жаңарса, жұмыс тәсілдері де жаңаруы тиіс. Біз бүгін болжамға емес, нақты түсінікке сүйенуге жиналдық», – деді форум модераторы.

Форум барысында әртүрлі бағыттағы сарапшылар баяндама жасады.

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбекова жаңа Салық кодексінің негізгі баптарына жан-жақты тоқталып, өзгерістердің кәсіпкерлікке әсерін түсіндірді.

Кәсіби бухгалтер, экономика магистрі, салықтық кеңесші Марина Измайлова практикалық мысалдар арқылы кодекстегі жаңа талаптарды тиімді орындау жолдарын көрсетсе, аутсорсинг компаниясының басшысы, сертификатталған бухгалтер-практик Әлия Зарипова бизнес құрылымдарындағы қаржылық есеп жүргізу тәжірибесінен нақты кейстер ұсынды.

ТОО KassCentre директоры, 1С маманы Антон Медведев ақпараттық жүйелерді жаңартудың және бухгалтерлік автоматтандырудың жаңа талаптарға сәйкестендірілуін талқылады.

Іс-шараға Shakarim University-дің Бизнес және коммуникациялар жоғары мектебінің студенттері мен түлектері қатысып, жаңа кодекстің практикалық әсерін сарапшылармен бірге талқылады. Жас мамандардың кәсіби даярлығы форум қатысушылары тарапынан жоғары бағаланды.

Ұйымдастырушылар кәсіпорындар мен мекемелерді жоғары оқу орындарын бітіруші түлектермен және студенттермен ынтымақтастық орнатуға шақырып, кадр мәселелері бойынша байланысқа шығуға дайын екенін жеткізді.

Форум соңында қатысушылар жаңа Салық кодексін енгізу кезеңіндегі негізгі тәуекелдер мен мүмкіндіктерді атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, заңнамалық өзгерістер бизнес-үдерістерді жетілдіруге, есеп жүргізуді оңтайландыруға және экономикалық тиімділікті арттыруға жаңа мүмкіндік береді.

Форум жұмысы табысты аяқталып, қатысушылар бір-бірімен кәсіби тәжірибе алмасуға және одан әрі ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік алды.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру