Шәкәрім университеті Шәкәрім мектебімен «ЖОО - Мектеп» жобасы аясында ұзақ жылдардан берi жұмыстар атқарып келеді. Қаланың ең үздік білім ошағымен бірқатар ортақ жобалар бар.
Университеттің практикалық базасы ретінде кафедралардың филиалдары, интеграцияланған оқу жоспарлары, дуалды оқыту жүйесі, білім беру бағдарламалары және ғылыми зерттеу жұмыстары аталмыш мектеппен бірлікте жүзеге асырылуда.
Жиын алдында университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы Алма Медетқызы басқарып отырған гимназияның «Менің мектебім» жобасы аясында ашылған «Тілдер орталығы» мен «Интеллектум кабинетін» аралады.
Сондай-ақ, мектептегі Абай, Шәкәрім және өзге де тұлғалардың еңбектерімен танысып, Шәкәрім шығармашылығына байланысты педагогикалық ұжыммен пікір алмасты. Басқарма төрағасы педагогикалық ұжымды тіл, тарих, әдебиет бағыты бойынша университеттің іргелі зерттеу жұмыстарына белсене қатысуға шақырды.
Бауыржан Аманкелдіұлы салтанатты жиында қаланың ғасырға жуық тарихы бар алғашқы Алаш мектебі – «Шәкәрім» атындағы мектеп-гимназиясының ұжымын және бітіруші түлектерін атаулы күнмен құттықтады.
Түлектерге:
–Атақты Қайым Мұхамедханов, Сейіт Қасқабасов, ағайынды Жүсіповтер тағы да алаштың айтулы азаматтары білім алған мектептен Сендердің де қанаттануларың үлкен мәртебе! Екіншіден, Шәкәрім бабамыздың атын иеленіп отырған соң ерекше жауапкершілік жүктейді. Биыл бұл мектептің Шәкәрім есімін иеленгеніне тура отыз жыл болыпты. Осы уақыт аралығында мектеп оқушылары талай білім бәйгелерінің алдында жүргендігінің куәсіміз.
– Бір-бірімізден сүйінші сұрап, күні кеше құрылған Абай облысының өркендеуіне қымбатты жас түлектер Сендердің тигізер ықпалдарың өте зор! «Білекті бірді, білімді мыңды жағады» деген халық даналығы тегіннен айтылмаған. Білімдеріңмен Қазақ елін, Семей рухын асқатата беріңдер!
Шара соңында Бауыржан Аманкелдіұлы гимназияның алтын белгі үміткерлеріне арнайы құттықтау хаттарын табыстады.