«Университет балы – 2025»: Шәкәрім университетінде дәстүрлі мерекелік кеш өтті!
Бүгін Шәкәрім университеті мен университеттің «Қазақстан студенттерінің Альянсы» ұйымы жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Университет балы – 2025» би және сайыс мерекелік кешін жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Сән мен салтанатқа, өнер мен әсемдікке толы шарада сері жігіттер мен сұлу бикештердің классикалық билері көрермендердің көңілінен шығып, кештің шырайын аша түсті.
Мерекелік кештің ресми ашылуында университет ректоры Думан Орынбеков қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, студенттердің шығармашылық бастамаларына сәттілік тіледі.
Би сайысы 3 кезеңнен тұрды:
I кезең – Соло би,
II кезең – Топтық вальс,
III кезең – Лайктайм.
Әр мектептен келген қатысушылар өз өнерлерін паш етіп, дайындықтарының сапасы мен шеберлік деңгейлерін көрсетті.
Кештің әділ-қазылар алқасы құрамында:
– «Абай жастары» жастар ресурстық орталығының директоры Толеуханов Айдос Абылгазиевич,
– Шәкәрім университетінің жастарды әлеуметтік қолдау және дамыту орталығының басшысы Оразгалиева Арайлым Қанатовна,
– «Zhandent» клиникаларының негізін қалаушы Жандос Серікқалиұлы,
– «Платформа» би студиясының басшысы Султанова Аружан Асхатқызы,
– Абай облысы бойынша Қазақстан студенттерінің Альянсы ұйымының төрағасы Оразов Тәттімбет болды.
Кешті «ҚСА» ұйымы жастары өз билерімен әрлеп, университет мақтанышы Ернур Жанахметов әсем әнмен шашу шашты. Сондай-ақ, Ағдариев Дархан мен Жуматаев Әлібек орындаған «Шыда» әні кештің көркін кіргізді.
Сайыс қорытындысы бойынша:
– I орын – Бизнес және коммуникация жоғары мектебі,
– II орын – Білім беру жоғары мектебі,
– III орын – Цифрлық технологиялар және құрылыс жоғары мектебі иеленді.
Ал Лайктайм кезеңі бойынша «Көрермен көзайымы» номинациясы Ветеринария және ауыл шаруашылығы зерттеу мектебіне берілді.
«Ең үздік жұп» номинациясын STEM-Білім беру жоғары мектебінің қатысушылары жеңіп алды.
Әсемдікті, өнерді және студенттік бірлікті дәріптеген «Университет балы – 2025» кеші қатысушыларға да, көрермендерге де ерекше әсер қалдырды. Шәкәрім университетіндегі дәстүрлі мерекелік шара студенттердің шығармашылық қабілеттерін шыңдап қана қоймай, олардың мәдени ортасын дамытуға үлкен үлес қосып келеді.