Бесқарағайдағы топырақ сынамаларын алу және геодезиялық зерттеулер: ауыл шаруашылығын дамытуға серпін
Шәкәрім университетінің ғылыми-талдамалық тобы Абай облысы, Бесқарағай ауданының ауыл шаруашылығын дамытуды қолдау мақсатында маңызды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл іс-шара аясында геодезиялық түсірілімдер жасалып, топырақ үлгілері жиналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Осы орайда Шәкәрім университеті Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау аясында ауыл шаруашылығында технологиялық жаңғыртуды, қайта өңдеуді тереңдетуді және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Ғылыми зерттеулер барысында геодезия саласының мамандары сынама алынған нүктелердің нақты координаттарын анықтап, картаға енгізді. Бұл процесс топырақ сапасының әр нүктедегі жағдайын нақты көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғылыми қызметкерлер топырақ үлгілерін зерттеп, оның химиялық құрамын, құнарлылығын және ауылшаруашылығы үшін тиімді көрсеткіштерін талдауға кірісті.
Жобаның ұйымдастырылуына Бесқарағай ауданы әкімінің аппараты да белсенді қолдау көрсетіп, Шәкәрім университетінің ғылыми-талдамалық тобына айрықша ықпал етті. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына «Shakarim Lab» ғылыми қызметкерлері, геодезия саласының оқытушылары және студенттері қатысып, жұмыс барысын қарқынды жүргізуге атсалысты. Бұл ынтымақтастық ғылыми зерттеу мен практикалық қолданбалы жұмыс арасындағы маңызды байланысты көрсетеді.
Топырақ пен су үлгілерін жинау мен геодезиялық түсірілімдер ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға, жер ресурстарын тиімді басқаруға және өңірдегі экономикалық дамуға тікелей үлес қосады. Зерттеу нәтижелері жергілікті фермерлер үшін нақты ұсыныстарға айналып, ауыл шаруашылығы саласында шешім қабылдауды жеңілдетеді.
Жоба Абай облысының ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып қана қоймай, студенттер мен жас ғалымдарға тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.


-1763614122.jpeg)