Шәкәрім университетіндегі тағылымды дәріс
Бүгін Шәкәрім университетінде еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА академигі Дархан Қыдырәлі «Абай және түркі әлемі» тақырыбында мазмұны терең, тағылымы зор ашық дәріс өткізді. «Табысты тұлға дәрісі» айдарымен ұйымдастырылған кездесуге университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ардагер ұстаздар мен студенттер қатысты.
Іс-шараны университет ректоры Думан Орынбеков ашып, дәріс оқитын ғалымды таныстырып, оның түркология ғылымының дамуына, түркі халықтарының тарихи-мәдени интеграциясына, гуманитарлық саладағы халықаралық ынтымақтастықтың нығаюына зор үлес қосқанын, Халықаралық Түркі академиясының президенті ретінде түркі әлемінің ғылыми ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, ондаған іргелі жобалар мен халықаралық экспедицияларға жетекшілік еткенін, мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытында ерекше еңбегі бар екенін атап өтті.
Өз кезегінде Дархан Қуандықұлы биылғы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай дәріс мазмұнын ұлы ойшылдың түркі әлеміндегі орнына арнағанын жеткізді.
Ғалым өз дәрісінде Абай шығармашылығының халықаралық деңгейде бағалануы туралы деректер келтірді.
«1934 жылы Берлинде «Яш Түркістан» журналында «Түркістанның ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы» деген мақала жарық көреді. Бұл мақалаға 1997 жылы Мұстафа Шоқайдың еңбектерін жинастырып жүрген кезімде көзім түсті. 2000 жылдардың басында қазіргі қаріпке түсіріп, кішкене қазақшалап Түркістан газетінде жарияладық. Мақаланы жазған Мұстафа Шоқайдың шәкірті, «Яш Түркістан» журналының жауапты хатшысы болған Тахир Шағатай. Ол өзі Ташкенттен барған жас студент еді. Әрине, оған бағыт сілтеген «Яш Түркістан» журналының бас редакторы, Түркістан ұлттық майданының жетекшісі болған Мұстафа Шоқай екені анық. Бұл Абай туралы шетелде жазылған тұңғыш мақала деп айтуға болады. Мұндағы Түркістан дегені – түркі әлемі, қазіргі Орталық Азия»- дей келіп, Абай мұрасы жайында Алаштың арыстарынан кейін лебіз білдіріп, ғылыми негізде пікір айтқан, шетелде жүріп абыз ақынның шығармашылығына әділ баға беруге ұмтылған профессор Тахир Шағатайдың есімі абайтану тарихында лайықты орнын алатынына сенім білдірді.
Дәріс барысында ол Абайдың рухани әлемін кеңінен талдап, Шығыстың Низами, Науаи, Фирдоуси сынды шайырларымен рухани үндестігін атап өтті. Абай шығармашылығының түркі әлеміндегі тарихи жалғастығы, оны зерттеген Алаш зиялыларының еңбегі, сондай-ақ қазіргі абайтанудың бағыттары жөнінде мазмұнды пікірлер айтты.
Кездесуге қатысқан ғалымдар мен жастар өз сұрақтарын қойып, ғалымның жан-жақты, дәлелді жауаптарынан тың білім, жаңа көзқарас алып қайтты.
Кездесу соңында Дархан Қуандықұлы университет ректоры Думан Орынбековке өзінің жаңа туындысы – «Нүкте философиясы» еңбегін тарту етіп, рухани сый-құрметін білдірді. Сонымен бірге, ғалым университет қабырғасындағы Шәкәрім музейіне арнайы барып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған жәдігерлермен танысты. Музей төріндегі тарихи мұралармен жүздесу шараның маңызын одан әрі тереңдете түсті.
